Канада АҚШ тауарларына 27,6 млрд долларлық жауап бажын енгізді

Канада АҚШ тауарларына 27,6 млрд долларлық жауап бажын енгізді
pixabay.com

Канада АҚШ-тан импортталатын құны 27,6 млрд долларлық тауарларға 15%, 25% және 50% көлемінде жауап бажын енгізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа тарифтер 8 қыркүйектен бастап күшіне енді. Шектеу АҚШ-тан әкелінетін болат, сүт өнімдері, тұрмыстық техника, ауыл шаруашылығы жабдықтары, целлюлоза және қағаз өнімдері, электроника және басқа да тауарларға қатысты. 

Канада билігінің мәліметінше, бұл шара АҚШ-тың 22 тамыздан бастап канадалық құны 27,6 млрд долларлық тауарларға 50% баж енгізуіне жауап ретінде қабылданды. Оттава америкалық тарифтерге қатысты шараларды өзара қағидат бойынша белгіледі. 

Жаңа баждар АҚШ-тан шығатын тауарларға ғана қолданылады. Канада аумағына тарифтер күшіне енген сәтте жолда болған тауарларға бұл шектеу қолданылмайды. 

Канада үкіметі жауап шараларының мақсаты отандық өндірушілерді АҚШ енгізген сауда шектеулерінің ықпалынан қорғау екенін мәлімдеді.

Канада мен АҚШ арасындағы сауда текетіресінің күшеюі екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға қысым түсіріп отыр. Сонымен қатар жаңа тарифтер Солтүстік Американың сауда қатынастарына қатысты белгісіздікті арттыра түсті.