Ақтөбе облысында Әдеп жөніндегі кеңес Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың тәртібін қарады. Оған кабинетіне келген тұрғынды жұлқылап қуып шыққаны үшін қатаң сөгіс берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімнің бұл әрекеті мемлекеттік қызметкер этикасына қайшы деп танылып, қоғамда теріс пікір тудырды. Алғашында айыптауларды жоққа шығарған шенеунікке өзінің дауысы жазылған аудиожазба тыңдатылды.
“Сіз – лауазымды тұлғасыз. “Мойындамаймын” дегеніңіз жараспайды. Жұмыс орныңызда отырғаннан кейін азаматтардың сұрағына байыппен жауап беруіңіз керек. Ал сіз БАҚ өкіліне “мен шығарып жібердім” деп мақтанасыз. Бұл қалай? Біз естіп, көріп отырмыз. Егер қол жұмсап, зақым келтірген болсаңыз, мүлде басқа жауапкершілікке тартылар едіңіз. Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметкердің басты міндеті. Бұл жағдай қайталанса, қызметтен кетуге тура келеді”, – деді Әдеп кеңесінің төрағасы.
Кеңес мүшелері әкімге қатаң сөгіс беру туралы шешімді бірауыздан мақұлдады. Сонымен қатар, оған халықпен қарым-қатынаста сабырлы болу, эмоцияға берілмеу керектігі ескертілді.
Айта кетейік, Қазбек Аққайыр 2024 жылдың шілде айында Қандыағаш қаласының әкімі болып сайланған.