Ауыз су мәселесі уақыт озған сайын күрделеніп жатқаны белгілі. Әсіресе, аймақтарды таза сумен қамту күн тәртібінен түспей тұр. Ал Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда ауыз су тапшылығын шешу шаралары қалай ұйымдастырылуда, осы бағытта қандай технологиялар қолданылады?
Биыл ел аумағында «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» деп аталатын ұлттық жобаны жүзеге асыру мерзімі аяқталуда. Алматы – Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы үлесі шамамен 20 пайызды құрайтын республиканың ең күшті аймақтарының бірі. Дегенмен, қалада Алматының позициясын әлсіретіп, сол арқылы бүкіл елге тікелей және жанама әсер ететін бірқатар мәселелер бар. Соның ішінде 2 миллионнан астам халқы бар мегаполисті сумен қамтамасыз етудің маңызы зор болып тұр. Айта кетерлігі, өңірлерді ауыз сумен қамту жоғарыдағы бағдарламаны жүзеге асыруда алғашқы тармақтардың қатарында.
Қазақстанның басым бөлігінде су тапшылығы проблемасы күрделене түскен. Сонымен бірге ел тұрғындары шоғырланған аймақтардың табиғи-климаттық жағдайларына байланысты жиі кездеседі. Алайда, су дағдарысы еліміздің ең ірі қаласы - Алматыда кездесіп жатса, бұл мәселенің тіпті өткір екенін білдіреді. Өйткені, бұл дағдарыс табиғаттың өзгерісінен емес, инфрақұрылымның жай-күйінен туындап отыр.
Алматының әр ауданында сумен қамту проблемасы бар. Әсіресе, жақында аннексияланған аумақтар су тапшылығын анық сезінуде. Мәселен, Алатау, Бостандық, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарының 30 мың тұрғыны орталықтандырылған су құбырына, ал сол аудандардың 286 мың тұрғыны канализацияға қол жеткізе алмай отыр. Десе де, бұл мәселе тиісті инфрақұрылымды қалыптастыру арқылы біртіндеп шешілуде.
Өткен жылдың жазында мегаполистің ең тұрақты ауданы болып көрінген Медеу ауданы тұрғындары сусыз қалды. Аномальды жоғары температура мұздықтардың еруіне себеп болды. Салдарынан Кіші Алматы өзенінде су деңгейі көтеріліп, бұл өз кезегінде сел тасқынының орын алуына әкелді. Судың лайлылығының концентрациясы жоғары болғаны сонша, Медеу сүзгі стансасы қарқынға шыдай алмай, ыстық температурадағы жаздың екі аптасында Медеу ауданына берілетін суды айтарлықтай азайтуға тура келді.
Бірақ қаладағы су тапшылығының артында тек табиғи себептер ғана тұрған жоқ. Мәселен, Алматыда сумен жабдықтау жүйелерінің 55 пайызы тозып кеткен, ағынды суларды бұру жүйелерінің тозуы 56,9 пайызды құрайды. Осындай келеңсіз жағдайлар туралы шағымдар Қазақстан Республикасының Президентіне де жетті. Сондықтан мегаполисті сумен қамту мәселесі ерекше бақылауға алынды.
Мегаполистің сумен жабдықтау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында «Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша келесі жобалар әзірленіп, жүзеге асырылуда:
Мегаполистің тау етегіндегі аудандары жер үсті өзендерінің суымен қоректенетіндіктен, өткен жылғы проблема қайталанбауы үшін жауапты басқарма сумен қамтамасыз етудің балама нұсқаларын әзірлеуде. Осылайша, «каскадтар» деп аталатын резервтік сумен жабдықтау схемасы қалыптасты - су сорғы жабдығы арқылы жер асты көздерінен бірнеше «құдықтар» арқылы беріледі.
Тағы бір жоба «Алматы қаласының қосылған аумақтарының инженерлік желілерін дамыту. Наурызбай өңірін (Қарғалы) қамтамасыз ету үшін су қабылдағыш құрылыс пен су тазарту станциясын салу» деп аталады. «Алматы қаласына іргелес елді мекендердің инженерлік желілерін дамыту. Наурызбай өңірін қамтамасыз ету үшін Ақсай өзенінде су қабылдағыш құрылыс пен су тазарту станциясын салу» деген жоба да маңызды болған соң, қыруар қаржы қаралды.
«Барлық» су алатын станса жобасын әзірлеу және салу да, «Ермансай» су алу және су тазарту станциясы» жобасы да мегаполистегі осы мәселені біршама шешуі тиіс.
Биыл Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету және канализацияға 20 миллиард теңге бөлінді. Енді осы қаржының жан-жақты игерілуін зерделеп көрсек, Медеу ауданының оңтүстік бөлігіндегі (Каменское үстірті, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау ықшамаудандары) тұрғындарының суды үздіксіз алуы үшін Балқаш су қоймалары ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Бұл су қоймаларында «Қаптаж», «Бастау» жерасты су алғыштарынан және Медеу сүзгі станциясынан келетін су жиналып, залалсыздандырылады. Содан кейін арнайы сорғылар арқылы су магистральдық желілер бойынша көрсетілген шағын аудандарға таратылуда.
«1-учаске», No21 кластерлік су алғыш, No11, 12, 13, 14 учаскелер, «Трамплин» сорғы станциясы, «Қаптаж-1» сорғы станциясы желілері мен су шаруашылығы нысандарында апатты қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба ғимараттарды реконструкциялауды, сорғы жабдықтарын ауыстыруды, су және электр желілерін қайта құруды көздейді. Сондай-ақ қосымша төрт гидрогеологиялық ұңғыма бұрғыланады.
Бостандық, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындарын тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз ету үшін екі су-сорғы стансасы салынады, тағы екі су-сорғы стансасының жобасы да жүргізілуде. Ағымдағы жылы Қарғалы су-сорғы стансасын салу жоспарлануда, Мұның қуаты – тәулігіне 15 мың текше метрді құрайды әрі Таусамалы, Қарғалы, Қарағайлы, Құрамыс шағын аудандарында тұратын Наурызбай ауданының 50 мың тұрғынын таза ауыз сумен қамтиды.
Ал Ақсай су-сорғы стансасының қуаты – тәулігіне 22 мың текше метрді құрайтын болса, құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Ол Наурызбай ауданындағы Ақжар, Таужолы, Тастыбұлақ, Таусамалы, Шұғыла шағын аудандарының 100 мың тұрғынын таза сумен қамтамасыз етуге арналған. Алматы облысы Қарасай ауданының Жаңа-Тұрмыс және Қырғауылды ауылдарында тұратын 15 мың тұрғыны да осы су қоймасынан су алатын болады.
Одан әрі жоспарға сәйкес, Наурызбай ауданының 80 мың тұрғынын қамтитын қуаттылығы тәулігіне 43 мың текше метрлік «Барлық» су-сорғы стансасының құрылысы бітсе, қуаттылығы тәулігіне 9 мың текше метрді құрап, 25 мың адамды қамтиды. Осы жоба бойынша сметалық құжаттар қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сонымен қатар, қала билігі жобалардағы барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының қатаң кестеге сай жүргізіліп жатқанын жіті қадағалап, жосықсыз мердігерлермен келіспеуді мақсат еткен. Осы жобалардың барлығы жүзеге асқанда Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының 250 мыңнан астам тұрғыны тұрақты ауыз суға қол жеткізетін болады.
Айта кетейік, Қазақстанның ең ірі қаласы Алматы сумен алты көзден қамтамасыз етіледі: біріншісі, таудан ағатын Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай өзендері; екінші, Алматы және Талғар көздерінің жерасты су көздері (384 ұңғыма).
Алматы тәулігіне шамамен 700 мың текше метр суды тұтынады, қуаттылығы тәулігіне – 1,3 миллион текше метр (осылайша, тәуліктік қоры 600 мың текше метр суды құрайды).
Мегаполисте 3,6 мың шақырым су құбыры және 1,8 мың шақырым кәріз жүйесі бар.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарының 99,4 пайызы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізді. Қала билігі бұл көрсеткішті 2024 жылдың соңына дейін 0,2%-ға (99,6 пайызға дейін) арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ желілердің тозу деңгейін 53,8 пайызға дейін төмендету жоспарда бар.