Қазақстанда денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект жедел енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елде әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға бағытталған ЖИ-жобалардың басым тізімі бекітілді.
Негізгі бағыттар қатарында инсульт, өкпе обыры, сүт безі қатерлі ісігін ерте диагностикалау және стоматологиялық суреттерді ЖИ арқылы талдау бар. Бұл шешімдер қазірдің өзінде медицина практикасына енгізіліп, ауқымы кеңейіп келеді.
Бүгінде Cerebra жүйесі 5 өңірдегі 9 инсульт орталығында қолданылады. WDsoft 10 өңірдегі 190 медициналық ұйымға енгізілген. AIDENTIS 65 стоматологиялық клиника мен 3 жоғары оқу орнында жұмыс істейді. Ал ALIMA атты ЖИ-ассистент 700-ден астам емханада дәрігерлерге көмек көрсетіп отыр.
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы медициналық қызметтерді автоматты бақылауға, клиникалық шешім қабылдауға қолдау көрсетуге, зертханалық талдаулардағы қауіпті ауытқуларды дер кезінде анықтауға арналған ЖИ-агенттерді әзірлеуде.
Жобалар Цифрлық даму министрлігінің есептеу ресурстары арқылы іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, МИИЦР бөлген графикалық процессорлар мен API-қолжетімділік пайдаланылуда.
Алдағы уақытта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптайтын ЖИ-құралдарын енгізу, сондай-ақ SmartЭКГ негізінде жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау жобаларын іске қосу жоспарланған.
