Қазақстан “Ислам мемлекеті” (ИМ) атты лаңкестік құрылымының қатарында болған 600-ге тарта азаматын елге қайтарған әлемдегі бірден-бір ел.
Елге оралғандардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар. Бұлардың арасында өткеніне өкінетін ер-азаматтар да болды.
“Ислам мемлекетінің” қатарына қосылып, жалпақ әлемге жиһад жариялаған ер-азаматтар елге орала сала қамауға алынды. Ал әйелдер мен балаларды қоғамға қайта бейімдеу, радикалды көзқарасынан арылту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Батыс елдерінің көпшілігі біздің елдің бұл бастамасын құптамайды. Атап айтқанда, Норвегия, Франция, Швеция сияқты елдер өз азаматтарын соғыс аймағынан шығарып алуға асығар емес. Себебі, туған елімен қош айтысқан жерлестерінің қайтып түзу жолға түсеріне күмәнмен қарайды. Олар радикалды көзқарасынан айнымайды, елге оралғасын ортаға іріткі салады деп қауіптенеді.
Соған қарамай Қазақстан үгіт-насихатқа арбалып ИМ-құрамына өтіп азаматтарға атажұртына оралуға мүмкіндік берді.
- Оларды елге қайтару процесі қалай жүзеге асты?
- Олардың елден кетуіне не түрткі болды?
- Террорлық ұйымның қатарында жүріп не көрді, не түсінді?
- Олардың қазіргі өмірі қандай?
Журналист Шахида Тұлағанова “Екінші мүмкіндік” атты деректі фильмінде осы сауалға жауап іздеуге тырысқан екен.
….
Сирия мен Ирактағы қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында арнайы әзірленген “Жусан” гуманитарлық операциясы 2019 және 2021 жылдар аралығында жүзеге асты, жоба 5 кезеңнен тұрды.
Осы уақытта елге қайтарылған 31 ер-азамат пен 12 әйел адам террорлық ұйымның қатарына кіріп, оның іс-қимылдарына қатысқаны үшін түрлі мерзімге абақтыға жабылды. Ал өзгелерін оңалту жұмысы жүргізілді.
Шахида Тулағановамен тілдескен Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин “Жусан” гуманитарлық акция болғанын айтады.
“Көп жағдайда әйел адамдардың жазығы жоқ, олар күйеулерінің айтқанына бағынып, солардың соңынан еруге мәжбүр. Балалар да осы жағдайдың тұтқынына түскен.
“Жусан” операциясы? Біз бұл жобаны бірнеше кезеңге бөліп, жүзеге асырдық. Барлығы аса құпия тәртіпте жүргізілді. Абақтыдағы жерлестерімізді алып шықтық, әскери базаларды араладық, тұтқынға түскен қазақстандықтарды көзден тасалап, әскери ұшаққа отырғызып елге жеткіздік. Бұл өте қауіпті операция болды, алайда логистикалық тұрғыдан барлығын сауатты ұйымдастырдық”, – дейді Ерлан Қарин.
…
Жоба жетекшісі Сириядан оралған Айнұр есімді келіншекпен тілдескен екен. Қателескенін ұғынып, туған еліне қайтқан Айнұр ол жақтағы өмірді тозаққа теңейді.
“Елге қайтқым келді. Елімді аңсадым. Бір жыл бойы қайтудың жолын іздедік. Бұл арадан қашып құтылмаспын деп ойлап, күдерімді үзе бастадым. “Төбеден зымыран келіп құласа да, қарсы емесмін. Тек мына тозақтан құтылайыншы” деп ойлаған кездерім болды”, – дейді “Жусан” операциясының арқасында балаларымен бірге Отанына оралған келіншек.
Айнұр жарты жыл бойы Сирияның Ракке қаласында тұрған. Жарылыс, дүмпуден әбден зәрезап болған ол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. 2016 жылдың көктемінде, босануына тұп-тура бір ай қалғанда күйеуі қаза тапқан.
“Маған әлдекімдер келді де, “күйеуің келмеске кетті, Алланың жанына оралды” деді. Жолдасыммен 2015 жылы таныстық. Әдемі үйлер, қымбатты көліктер, бақуатты тіршіліктің суреттерін жолдап, көзімді қызықтырды. Сөйтіп Сирияға шақырып алды. Оңбай өкіндім…”, – дейді Айнұр.
...
Психолог Шынар Наурызбаеваның айтуынша Сирия мен Иракқа аттанған келіншектердің жас мөлшері 20-25 жасқа сай келеді. Соның негізінде олардың психологиялық түр-тұлғасын жасауға болады.
“Бұл жастағы бойжеткендердің кейбіреуі үгіт-насихатқа ергіш, сенгіш келеді. Өмірден өз орнын іздеп, аласұрған шақта дінге бет бұрады. Діннің барлық догмаларын талғаусыз қабылдап, ауытқып, адаса бастайды. Өзіндік пікірін жоғалтып, кез-келген дүниені сыни көзқараспен қабылдайтын қабілетінен айырылады”, – дейді адамтанушы.
Ал дінтанушы Замир Төлешев радикалды көзқарастағы азаматтардың көпшілігі отыздың үстіндегі жастар екенін айтады.
Олардың көпшілігі діни қағиаларды сол қалпында қабылдайды, қорытпайды. Оған сыни көзқараспен қарауды күнә деп есептейді, мұның соңы адасуға ұрындырады.
“Сыни ойлау, кез-келген нәрсеге күмәнмен қарау адамның табиғатына тән мінез. Діннің тұңғиығына түсіп кеткен кейбір жастар осы қабілеттерін тұсаулап тастаған. Діни құндылықтар мен нормаларды сол қалпында қабылдап үйренгендіктен, өздігінен ойлану дағдысынан айырылған. Дайын дүниеге күмп беріп, кіріп кетеді. Ойсыздықтың салдарынан опық жейді…”. – дейді сарапшы.
...
Сириядан оралған тағы бір келіншек дінтанушының пікірін растап отыр. Аида жолдасының сөзіне сеніп, алдымен Түркияға табан тіреген. Күйеуі ол жаққа демалысқа баратындарын айтып, түпкі мақсатын жасырып қалған.
Түркияға жеткесін жұбайы осы арадан Сирияға жол жүретіндерін, Қазақстанға енді қайтып оралмасын айтады.
“Күйеуім болғаннан кейін оның бізге жамандық ойламасына сенімді болдым. Оның үстіне оған қарсы келетін әдетім жоқ. Оның сөзі біздің отбасымыз үшін бұлжымайтын бұйрық”, – дейді Аида.
Түркия шекарасын кесіп, Сирияға жеткенде қазақ келіншегі мұндағы жағдайдың мүлде бөлек екеніне көзі
жеткен. Жоқшылық пен зорлық-зомбылық, таусылмайтын атыс-шабыс, жарылыс, қаңғыған оқтан қаза тапқан шиеттей бала-шаға…
Соның бәрін басынан өткерген Аида бұл жақтан қашып шығуға әрекет еткен.
“Сириядағы босқындарға арналған “Әл-Хол” лагерінде жылдар бойы отырса, адам ес-ақылынан айырылып, айуанға айналады. Ол жақтағы іні-қарындастарды тез арада құтқару қажет, оларды қалыпты өмірге бейімдеу керек”, – дейді деректі фильмнің кейіпкері.
...
Президент кеңесшісі Ерлан Қарин осы орайда “Әл-Хол” операциясының қалай жүргізілгенін әңгімелеп берді.
Оның айтуынша “Жусан” операциясы аясында қазақстандық құтқарушылар лагерьге арнайы барған. Алайда радикалды көзқарастағы бірнеше әйел Қазақстанға қайтудан бас тартқан.
Қазақстан тарабы оларды елге қайтаруға мәжбүрлемеген, барлығы ерікті түрде жүргізілген.
“Қазақстанға оралған азаматтардың бір тобын карантинге жатқыздық. Олар бөтен ел, бөтен жерден келді, тиісінше қауіпті вирус жұқтыруы мүмкін еді. Сол себепті оларды Ақтаудағы карантин орталығына орналастырдық. Оларды бұл арадан дәрігерлер тексеріп, алғашқы медкөмек көрсетті. Көптеген әйелдер мен балалардың оқ жарақатын алғаны анықтады”, – дейді Қарин.
...
Сирия мен Ирактан оралған қазақстандықтарды оңалтумен айналысатын “Ақниет” қорының директоры Әлім Шәуметтің айтуынша алғашқы уақытта отанына оралған жерлестеріміз төңірегіне қауіппен қараған.
“Олар елге жете сала абақтыға қамаларынан қауіптенді. Олармен дінтанушылар және психологтар әңгіме-дүкен құрып, қорқуға негіз жоқтығын айтты. “Жусан” операциясы аясында тек әйелдер мен балаларды елге қайтардық. Олар Қазақстан азаматтары. “Халық сіздерді кешірді. Президент сіздерді жазаға тартпау туралы пәрмен берді. Біз сіздердің қалыпты өмірге қайтып оралғандарыңызды қалаймыз. Иә, Сирияға, соғысқа аттанып ағаттық жібердіңіздер. Бірақ бұл үшін сіздерді ешкім айыптамайды” деп ағымыздан жарылдық”, – дейді қор жетекшісі.
Дінтанушы Зәмір Төлешев өз кезегінде “адасқан” азаматтармен пікірлесетін, оларға Ислам дінінің қағидалары мен қазақи құндылықтарды қатар ұғындыратын мамандарды көптеп оқыту қажет деп есептейді. Оның пікірінше, Сириядан оралған азаматтарды дәстүрлі дінімізге бейімдеу біраз уақытты қажет теді.
“Олардың бұған дейін адасып келгенін, радикалды исламның жетегінде жүргенін нақты дәлелдеуіміз қажет. Оның пропаганда тұтқыны болғанын көрсете білуіміз керек. Бұл үшін адамның сауатын ашқан абзал, білім мен ғылым туралы хабар берген жөн”, – дейді ол.
Нұр-Мүбарак атындағы Ислам университетінің теологы Төлеген Талдыбаев та осы ұстанымда.
“Экстремизм мен жиһадқа баратындардың көпшілігі шаласауатты, олар дінді тура мағынасында қабылдайды, екшеп-текшеуге сауаты жетпейді”, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, “Жусан” операция өз нәтижесін берген. Әлім Шәуметтің атап өткеніндей Сирия мен Ирактан оралған жерлестеріміздің 90 пайызы қалыпты өмірге қайтып оралған.
“Олар дәстүрлі исламды қабылдады. Бес уақыт намаз оқиды, Ханафит мазхабының жолымен жүреді. Жихад пен такфир идеологиясынан бас тартты”, – дейді ол.
Әзірлеген, Аяулым Шаймардан
https://youtu.be/AFY1rVntWBA