Jusan Bank 100 млрд теңгеге бағалы қағаздар шығаратын болды

Кәмшат Тілеухан 05 қар. 2024 11:04 1174

Jusan Bank 100 млрд теңгеге облигациялар шығаратын болды. Бұл қаражат банкке ақша өтімділігін арттыру үшін қажет екені айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Борыштық қағаздар банктің алтыншы облигациялық бағдарламасы аясында шығарылады. Бұл  бір данасының номиналды құны 1 мың теңге болатын 100 млн дана купондық облигациялар болады. Бағалы қағаздар "жекелей орналастыруға жатады", делінген банктің хабарламасында.

Банктің эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының өлшемдері туралы құжатына сәйкес, Jusan Bank облигациялардың 10 жылдық айналым мерзімі ішінде жылына екі рет бағалы қағаздың номиналды құнына сай жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8% деңгейінде сыйақы төлемек.  

"Облигацияларды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі қарастырылмаған. Облигацияларды орналастырудан алынған ақшалай қаражат эмитентті қорландыру базасын ұлғайтуға бағытталатын болады: тартылған қаражат көздерін әртараптандыру, эмитенттің орта мерзімді және ұзақ мерзімді өтімділігін қолдау, эмитенттің айналым қаражатын капитал нарығы есебінен толықтыру", делінген құжатта.  

Айта кетсек, 2023 жылдың шілде айының ортасынан бастап Jusan Bank кәсіпкер Ғалымжан Есеновтің еншісіне тиесілі (Forbes Kazakhstan мәліметінше, байлығы 590 млн долларды құрайтын ол Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері (2024) арасында 15-орында тұр). Қаржы институты "Jusan тобы бойынша дауларды бейбіт жолмен реттеу және оның активтерін қазақстандық юрисдикцияға қайтару" нәтижесінде оның қолына өткен. Есенов банкті "First Heartland Securities" АҚ арқылы басқарады (компанияның ЕДБ- дегі үлесі - 79,63%).

Jusan Bank, Ұлттық банктің 2024 жылғы 1 қазандағы деректері бойынша, 3,3 трлн теңге көрсеткішімен Қазақстан нарығындағы ЕДБ активтері бойынша алтыншы орында тұр. Банктің меншікті капиталы 805,4 млрд теңгені құрайды.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар