Журналист Жәния Ұранқаева үкімет ғимаратына кіруге рұқсат алды

Қаракөз Амантай 19 қыр. 2024 18:48 2463

Бүгін “Әділ сөз” қорының өтінішімен Жәния Ұранқаеваға үкімет ғимаратына кіруге рұқсат берілді. Енді журналист өз қызметін толық орындай алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметі 2024 жылдың соңына дейін Жәния Ұранқаеваның ғимаратқа кіруіне қатысты шектеулерді қайта қарады. Бұдан былай ол журналистік қызметін еркін түрде атқара алады. Дегенмен ғимаратқа кіру ережесі мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты талаптарды ескеруі қажет. Жаңа “Масс-медиа туралы” заңның талабына сай, мемлекеттік нысандарға кіру кезінде қауіпсіздік шаралары мен ережелерді сақтауға міндеттелді.

“Әділ сөз” қоры бұл жағдайды журналистер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстың нәтижелі мысалы ретінде атап өтті. Сонымен қатар журналистердің еркін жұмыс істеуі үшін ашық келіссөздің маңызы зор екенін көрсетті. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы әріптестік ашық қарым-қатынасты қамтамасыз етіп, қоғамның сенімін арттыруға ықпал етеді.

Аталмыш келісім Жәния Ұранқаеваның журналистік қызметін толыққанды атқаруға мүмкіндік беріп, медиа өкілдерінің құқығын қорғаудағы маңызды қадам деп бағалануда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар