Журналист Диас Ахметшәріптің миына қан құйылып, комаға түсті. Ulysmedia.kz дереккөзі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқыс оқиға Ақтауда Ішкі істер министрлігінің көшпелі жиыны өтіп жатқан кезде орын алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
Айта кетейік, Диас Ахметшәріп — Қазақстандағы танымал журналист әрі қоғаммен байланыс саласының маманы. Ол еңбек жолын 1997 жылы «Qazaq» радиосында репортер болып бастаған. Кейіннен «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында спорт журналисі ретінде қызмет атқарды.
Ахметшәріп еліміздегі алғашқы спорттық телеарна — «Кazsport»-тың тұңғыш директоры болды. Сонымен қатар, ол «Insport» телеарнасының бас редакторы қызметін атқарған. 2003-2007 жылдары ҚР Спорт және туризм істері агенттігінің баспасөз қызметін басқарды.
2020 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қызметін атқарып жүрген кезінде, COVID-19 пандемиясы туралы қоғамға ескерту жасағаны үшін жұртшылықтың назарын аударды. Кейіннен ол бұл қызметінен кетті.
2023 жылы Диас Ахметшәріп ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды . Сондай-ақ, ол Парижде өтетін XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстандық делегация құрамында 21 журналистің тікелей хабар таратуын ұйымдастыруға атсалысты.
Журналистика саласындағы көпжылдық тәжірибесі мен мемлекеттік қызметтегі белсенділігі арқылы Диас Ахметшәріп еліміздің ақпараттық кеңістігінде маңызды рөл атқарып келеді.