Журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады

Сағыныш Сардарова 23 ақп. 2024 10:09 3418

Журналист Думан Мұхаммедкәрім сот ашық өтуін талап етіп, аштық жариялады. Журналист сотқа адвокаттар қатысса да, қатыспаса да үкім белгілі екенін айтып, қорғаушыларынан да бас тартқан, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттық деректеріне сілтеп.

22 ақпанда түске дейін өткен сот отырысынан соң адвокат Ғалым Нұрпейісов журналистер мен белсендінің жақтастарына мәлімдеме жасады.

"Думан сот ашық өткен жағдайда ғана аштығын тоқтататынын айтты. Судьяның өзі сот кезінде "сотталған Думан" деген тіркесті екі рет айтып қалған. Думан сотқа бойкот жариялады. Думанның сотқа сенімсіздік жариялау туралы өтініші қанағаттандырылмады", – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Алдыңғы сот отырысында судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырып, сотты жабық форматқа ауыстырды. Бұған журналист пен оны қорғау тарабы, жақтастары қарсы болған.

Радио мәліметінше, 12 ақпанда сот отырысы кезінде Думан Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтқан. 

"Ne Deidi" Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған болатын. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар