Сатиралық парақшаның авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққаны үшін қамауға алынған Әсем Жәпішева бостандыққа шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Oyan, Qazaqstan өкілдері хабарлады.
Әсем Жапишева бостандыққа шықты. Оны @qaznews_24 сатиралық медиасының авторы Темірлан Еңсебекті қолдау пикеті үшін 15 тәулікке қамауға алған еді. Әсем оны 15 күн бойы азық-түлікпен, хаттармен қолдағандардың бәріне алғысын жеткізеді, делінген жазбада.
Еске салайық, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды.
Оған «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айып тағылып отыр.
Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған.
«Йоу, орыстар» әнін Еңсебек паблигіндегі бір постқа пайдаланғаны хабарланады.