Қазақстанда үш жылда 19 мың шақырымнан аса жол жөнделді: кей бағыттарда жол жүру уақыты екі есеге қысқарды

Қазақстанда үш жылда 19 мың шақырымнан аса жол жөнделді: кей бағыттарда жол жүру уақыты екі есеге қысқарды
Фото: ЖИ

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына жолдауында берген өңірлік көлік байланысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында автомобиль, теміржол, авиация және теңіз инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ, логистикалық бағыттарды дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Басым бағыттар - өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайту, жол жүру уақытын қысқарту және негізгі халықаралық дәліздердегі жүк ағынын жеделдету, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үш жылда 19,1 мың шақырым жол салынып, жөнделді

2023-2025 жылдары Қазақстанда 19,1 мың шақырым жол салынды, реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, жөнделді. 2026 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 11 мың шақырымнан аса жол реконструкциялау, құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылды.

2029 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың 97 пайызын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланып отыр

2026 жылдың соңына қарай нормативтік талаптарға сай келетін республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 2023 жылғы 92%-дан 95%-ға, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 86%-дан 92%-ға дейін артуға тиіс. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 97% және 94%-ға жеткізу көзделген.

Кейбір бағыттарда жол жүру уақыты екі еседен аса қысқарды

Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолды реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 54 мың тұрғын үшін Оралға дейінгі жол жүру уақыты 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін қысқарды.

Бүгінде тағы 800 шақырым теміржол салынып жатыр

Кейінгі бес жылда елімізде 911 шақырым жаңа теміржол салынды. Қазір тағы 800 шақырым теміржолдың құрылысы жүргізіліп, қолданыстағы 2,6 мың шақырымға жуық теміржол жаңғыртылып жатыр.

Ішкі әуе рейстерінің саны аптасына 890-ға жетті

2026 жылы Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Астана, Алматы және Қостанаймен әуе қатынасы қайта жанданды. Жыл соңына дейін Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймағындағы жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша ішкі әуе қатынасы 60-қа жуық бағытты қамтып, аптасына 890 рейс орындалады.

Цифрландыру жолаушылар мен жүк тасымалын жеделдетеді

Теміржолда пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлер негізіндегі "Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы" сервисі енгізілді. OneWeb және Starlink спутник интернетін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытында Digital Trade Corridor платформасы енгізіліп, Tez Customs модулі кедендік рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартты. Кешенді шаралар нәтижесінде ТХКБ бойынша жүктерді жеткізу мерзімі 38 тәуліктен 13-17 тәулікке дейін қысқарды.