"Жүріп кетсем, қараусыз қаласыңдар...". Лукашенко біртүрлі жарлыққа қол қойды

Dalanews 09 мам. 2021 16:53 779

Беларусь президенті Александр Лукашенко "Тәуелсіздік жәнеконституциялық құрылымды қорғау туралы" декретке қол қойды.

Бұл туралы Беларусь президентінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Құжатта Мемлекет басшысы қастандық, лаңкестік актісі, сыртқы күштің агрессиясы, басқа да зорлық-зомбылық әрекеті салдарынан көз жұмған жағдайда барлық мемлекеттік органдар, олардың лауазымды тұлғалары Қауіпсіздік кеңесі шешімдеріне сәйкес әрекет етеді делінген.

Ал Қауіпсіздік кеңесінің отырыстарына премьер-министр басшылық етеді.

Бұл ретте ел аумағына жедел түрде төтенше немесе әскери жағдай енгізіледі. Өз кезегінде оны қамтамасыз ету шараларының тізімін Қауіпсіздік кеңесі анықтайды.

"Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін барлығы еш қарсылықсыз орындауға міндетті", – дейді Лукашенко.

Негізгі сұрақ сайлау туралы болмақ. Қауіпсіздік кеңесі губернаторлардың қатысуымен оны өткізу туралы шешім қабылдайды. Декрет елдің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтауға бағытталған. Декрет оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

Президент құзіретін Қауіпсіздік кеңесіне беру туралы құжатқа қол қоятынын Лукашенко өткен айда мәлімдеген болатын.

"Алда-жалда жүріп кетер болсам, қараусыз қаласыздар ғой! Президентінен айырылған елдің қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Президентті атып кеткен күннің ертесіне оның барша билігі Қауіпсіздік кеңесінің қолына көшеді", – деген болатын Беларусь басшысы.

Айта кетсек сәуірдің 21-інде Лукашенкоға қастандық жасауды жоспарлады, елде төңкеріс ұйымдастырып, билікті басып алмақ болды деген айыппен төрт адам қамауға алынған.

Сәуірдің 17-ісінде Ресейдің Федералды Қауіпсіздік қызметі Беларусьтегі әскери төңкерістің алдын алғанын хабарлаған. Ведомство мәліметінше саясаттанушы Александр Федута және заңгер Юрий Зенкович бастаған бір топ адам Лукашенконы тақтан тайдару үшін Мәскеуде бас қосып, жоспар құрған.

Беларусь президентінің айтуынша 1994 жылдан бері оған 7 рет қастандық жасалмақ болған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар