Оның айтуынша, коронавируспен күрес үшін құрылған үкіметаралық комиссия шешім қабылдап, 20 қазаннан бастап вирус жұқтырған дәрігерлерден өтемақыға өтініш қабылдау тоқтатты.
Қазақстан билігі наурызда елде індет тарай бастағанда коронавирус жұқтырған дәрігерлерге бюджеттен екі өтемақы теңге, індеттен қайтыс болған дәрігерлерге 10 миллион теңге төлеу туралы шешім қабылдаған.
Шоранов жұмыс барысында Covid індетіне шалдығып, қайтыс болған дәрігерлердің жақындарына берілетін 10 миллион теңге өтемақы сақталатынын жеткізді. Ресми мәлімет бойынша, елде наурыздан бері 182 дәрігер індеттен көз жұмған. Министрлік марқұм болған барлық дәрігердің жақындарына өтемақы төленгенін айтады.
Министрлік өкілінің сөзінше, енді дәрігер жұмыс барысында вирус жұқтырса, оған қолдауды медициналық мекеме, кәсіподақ не жергілікті билік көрсетуі тиіс.
«Бұл медициналық мекеме жетекшілеріне медқызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санэпидрежимді бақылауға ынталандырады» деді ол.
Шоранов жергілікті билік я медициналық мекеме вирус жұқтырған дәрігерге қолдауды қалай көрсететінін ашып айтпады.
Билік індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысына қосымша төлем төлеу сақталатынын мәлімдеді. Инфекциялық ауруханада істейтін медқызметкердің айлығына 850 мың теңге, провизорлық стационарда жұмыс істейтін дәрігер мен фельдшер жалақысына 425 мың теңге, карантиндік стационар, санитарлық дәрігер мен жедел жәрдем жүргізушісінің айлығына 212 мың теңге қосылады.
Қазақстанда індет басталғалы мыңдаған дәрігер вирус жұқтырған. Елде жаз айларында індет өршіген тұста індеттен көз жұмған дәрігерлердің де саны күрт артты. Билік вирус жұқтырған медқызметкерлерге және індеттен қайтыс болған дәрігерлердің жақындарына өтемақы төлеу үшін комиссия құрған.
Коронавирус кесірінен қайтыс болған дәрігерлердің жақындары комиссия өтініштерін ұзақ қарап жатқанын айтып шағымдана бастады. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс барысында індетке шалдығып, көз жұмған дәрігерлердің өлім себебін тексермей бірден өтемақы төлеуді тапсырған.
Елде наурыздан бастап 145 мыңнан аса адам індетке шалдығып, екі мыңнан аса адам қайтыс болды.