Жұмбақ фирма: Назарбаевтың қызымен байланысты контораның тағы қандай нысандарға қатысы бар?

Көркем Алдабергенова 29 сәу. 2024 16:36 3610

Сәуірдің ортасында 30 мың алматылықтың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабар тараған болатын. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов "Ақсай" бассейніндегі сел ұстайтын бөгетті салу кезінде ақша жымқырылғанын айтты. Кейіннен бөгетті салған компания Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаевамен байланысты екені белгілі болды. Назарбаевтың қызымен байланысты контораның тағы қандай нысандарға қатысы бар? Dalanews.kz материалында

ProTenge телеграм арнасы осы тұрғыда зерттеу жүргізген. 22 миллиард теңге бөлінген бөгеттің сапасы мен салыну мерзіміне қатысты сұрақтар туған. Бөгетті салуға қаржы пандемия кезінде – 2020 жылы бөлінген. Құрылысқа қатысты конкурс жеделдетілген түрде өтіп кеткен. Құрылыс 2022 жылы бітуі керек болған.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы құрылыс жұмыстарында бұзушылықтар болғанын анықтаған. Заңбұзушылықтар ауыз толтырып айтарлықтай болғандықтан "TOLAGAI -2050" ЖШС мердігер компаниясы құрылысты тоқтатып, артынша келісімшарт жойылған. 2023 жылдың тамызында бөгет құрылысы тоқтап тұрғанына бес айға жуықтаған кезде оны салуға тапсырыс берген "Қазселденқорғау" құрылыс компаниясымен соттасқан. Телеграм арна мәліметінше, 2022 жылдың басында Назарбаева Ақбота Болатқызы компания құрылтайшыларының бірі болған.

"Голос Народа" басылымының мәліметінше, Ақбота Болатқызына тиесілі құрылыс компаниясының бөгеттен бөлек нысандардың құрылысына да қатысы бар болып шыққан. Компания тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар мен құрылыстар салуға маманданған, бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді.

Мемлекеттік сатып алу порталының статистикасына сәйкес, 2018 жылдан бастап "TOLAGAI-2050" ЖШС мемлекеттік органдармен 200 млрд теңгеге 80-нен астам шарт және 250-ден астам қосымша келісім жасасқан.

Компания салған ең жаңа ғимараттардың ішінде Ақтөбе облысындағы Шалқар көлін 2,5 млрд теңгеге тазарту және Алматы облысының суару каналдарын тазарту жөніндегі шарттарға жалпы сомасы 63 млрд теңгеге қосымша келісімшарттар бар.

Компания 2024 жылдың 4 айында мемлекетпен 2023 жылға қарағанда екі есе көп сомаға шарттар жасап үлгерген.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "TOLAGAI-2050" ЖШС 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін 40,3 млрд теңге сомасына 15 шекара заставасын салуы тиіс болғанын, алайда бөлінген соманың 35 пайызы ғана игергенін және құрылыс мерзімі кешігіп жатқанын айтқан.

Қазіргі таңда "TOLAGAI-2050" ЖШС құрылтайшысы тек бір адам - Оразхан Жанысбеков. Компания сайтындағы ресми мәлімет бойынша, компанияның негізін қалаушы да Жанысбеков. Сонымен қатар, компания сайтында Ақбота Назарбаева құрылтайшылар тізіміне қалай кіргені жайлы түсініктеме берілген.

"Ол (Назарбаева) Қарасай ауданында 150 га тұрғын үй массивін салу бойынша нақты бизнес-жобаға белгілі бір уақытта құрылтайшылар құрамына енгізілді, онда "TOLAGAI-2050" ЖШС Қазақстан тарапынан Бас құрылыс салушы ретінде әрекет етуі тиіс болатын. Бұл инвестициялық жоба жұмыс істемегендіктен, инвестиция түскен жоқ және құрылтай шартының талаптарына сәйкес Назарбаева тізімнен шығарылды", - делінген жауапта.

Компанияның бас директоры Қанат Нышановтың сөзінше, Ақбота Назарбаеваның құрылтайшылар тізімінде болуын Антикор тергеп, кейіннен Бас прокуратура тергеп, артынша қайтадан Қарағанды облысының антикор қызметі тергеу жүргізген.

"Тергеу барысында біздің құрылтайшы Болат Назарбаевпен де, оның ұлдары, қыздары немесе әйелімен жеке таныс емес екені анықталды", - дейді Нышанов.

Сонымен қатар, Нышановтың айтуынша, Ақбота Назарбаева келісілген мерзімде құрылтай үлесін төлемеген болып шықты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар