Ж.Түймебаев: "Шымкентте облыс халқының үштен бірі тұрады"

Dalanews 07 ақп. 2018 16:45 822

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев 2017 жылы атқарылған жұмыстары бойынша халық алдында есеп берді. Есепті кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысының əкімі Жансейіт Түймебаев пен Президент əкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов қатысты.

Кездесу барысында шаһар басшысы қалада атқарылған жүйелі жұмыстар мен оңды өзгерістерді атап өтіп, 2018 жылдың жұмыс жоспары мен іске асырылатын жобалар туралы баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы қалада 4310 отбасы баспаналы болған.  Яғни, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 402 мың шаршы метрді құраған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 36 пайызға артық. Ал «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 21 көпқабатты үйге жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жеті үйге сейсмикалық күшейту жұмыстары, демеушілердің есебінен 33 көп қабатты ғимараттың қасбеті жөнделген.  Сондай-ақ өткен жылы алты шағын ауданда электр желісі тартылып, нәтижесінде 1550 абонент сапалы электр желісіне қосылған. Ал қала тұрғындарын ауызсумен қамту көрсеткіші 93 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткішті 96 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұған қоса 2017 жылы қала аумағында кәріз жүйелерін тарту жұмысы да атқарылған.

Бұдан бөлек жиында тұрғындар қала әкіміне коммуналдық мәселелер, қоғамдық көлік қызметі мен жол және жер мәселесі жайында сауалдарын жолдады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев Елбасы Жолдауындағы басымдықтарды басты бағытқа ала отырып жұмыс жүргізуді қала басшылығына тапсырды.

– Шымкент қаласының тұрғындары облыс халқының үштен бірін құрайтындықтан мұнда жер қатынастары, тұрғын үй, қоғамдық көлікке қатысты мәселердің көп екені анық. Оның барлығы да кезең-кезеңімен шешілетін болады. 2014 жылы қалаға 70 мың гектар жер қосылып, аумағы 117 мың гектарға жетті. Қалаға қосылған елді мекендерді ретке келтіру жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Сіздерде өз тараптарыңыздан аулаларыңызды көріктендіріп, үйлерді әрлеу сынды жұмыстарды жүргізуде белсенді болуларыңызды сұраймын. Бірге әрекет етсек қана тұратын жерімізді көркейтіп, Шымкентімізді жасыл қалаға айналдыра аламыз. 2020 жылы біздің қала ТМД елдерінің мәдени астанасы атанады. Қазірдің өзінде осы бағытта жұмысты бастап кеттік. Енді оған шаһардың әр тұрғыны да өз үлесін қосуы тиіс, – деді Ж.Түймебаев.

Облыстың жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуінде Шымкент қаласының үлесі ерекше екенін айтқан аймақ басшысы қала өз потенциалын дұрыс пайдаланып келетінін жеткізді. Сонымен бірге әкім алдағы уақытта  атқарылатын жұмыстар көп екенін атап өтіп,  келесідей міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды.

– Кіші және орта бизнесті қарқынды дамыту   арқылы қала экономикасын көлеңкеден шығарып, бюджеттің кіріс көзін ұлғайту бағытындағы  жұмыстарды күшейтуді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік нысандар санын арттыруды және қоғамдық көлік саласын дамытып, қаланың жасыл белдеуін қалыптастыруды, «Цитадель» мен «Шымкент-сити»  жобасын жүзеге асыруды, Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру сияқты 20 негізгі жобаны жүзеге асыруды жүктеймін, – деді әкім.

Бұдан басқа аймақ басшысы қала аумағындағы заңсыз құрылыс нысандарын жоюды, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен, газбен, электр қуатымен қамтамасыз ету қарқынын жоғарылатуды, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ензілуіне байланысты шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту белсенді шараларына қатыстырып, жұмыссыздық деңгейін барынша төмендетуді және тұрғын үй құрылысының қарқынын арттырып, тұрғындарды пәтерлермен қамтамасыз ету жүйесін ары қарай дамытуды тапсырды.



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар