Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жолда намаз оқуға тыйым салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі намаз оқу үшін жолды жауып, басқа адамдарға зиян келтірудің жөнсіз әрекет екенін ескертті.
“Намаз оқу үшін жолды жауып, басқа адамдарға зиян келтіруге болмайды. Сол себепті сіздерді намазға ертерек келуге, арнайы белгіленген орындарда отыруға, жолдарды жаппауға, көліктерді рұқсат етілген жерлерге қоюға және тәртіп пен талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз”, – делінген басқарма хабарламасында.
6 желтоқсанда Алматыдағы Орталық мешітке жұма намазына алғаш рет келген кейбір жамағат мешіттің ауласына сыймай қалған. Намаз басталмас бұрын мешіт қызметкерлері жамағатты мешіт ауласына орналастырған. Алайда жұма намазы басталғаннан кейін бес минуттық құлшылық мешіттің оң жақ бөлігінде, яғни М. Мәметова көшесінің жүріс бөлігінде орындалған. Осыған байланысты көшеде кептеліс пайда болған.
“Жолда намаз оқуға тыйым салудың негізгі себебі – көлік қозғалысына кедергі келтірудің алдын алу. Жүріс бөлігімен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру машинасы немесе жұмысқа асығып бара жатқан адам өтуі мүмкін. Тіпті бес минутқа көшені жабу көлік қозғалысына қиындық туғызып, кептеліс тудырады”, – деп толықтырды басқарма.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бір топ адам жолдың адамдар жүретін бөлігінде намаз оқып, көлік қозғалысын тоқтатып, кептеліс тудырды.
Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Олардың мәліметінше, бұл жағдай Медеу ауданында болған.
"Тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, азаматтарға құқық бұзушылықтың жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті", — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Алматы қалалық полиция департаменті жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Тиісті шаралар қабылданады. Сонымен бірге, Алматы қалалық полиция департаменті «Заң және тәртіп” принципін еске салып, азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға шақырады. Кез келген себеппен жолды жабу – жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады және ӘҚБтК-нің 614-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады", — делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматыда профилактикалық және құқықтық түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
"Мұндай фактілерге жол беруге болмайды, олар тоқтатылады", — деп атап өтті полиция өкілдері.