Жолдауын жүзеге асыруда жұмыла әрекет етеді

Dalanews 30 қаң. 2018 04:42 674

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтың жетекшілігімен актив отырысы өтті. Мемлекет басшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қойылған жаңа міндеттерді жүзеге асыру жолдарын талқылап, ұсыныстарын ортаға салды. 

Қазақстанда саясат сахнасындағы жаңа жылды Елбасы Жолдауымен бастау дәстүрі қалыптасқан. Биыл да болашаққа бағдар тастар маңызды мемлекеттік құжатты бұқара жоғары ықыласпен қабыл алды. Міндет пен меже айқын, жүзеге асырар ынта мен ынтымақ керек. Жолдаудың әр бағыты бойынша Шығыс өңірінде де жұмыстар жүйеленіп, жауаптыларға жүктелді. Айта кету керек, кей бағытта өңір өзгелерден көш ілгері. Мәселен, бірінші «Қазақстан индустриясы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» бағыты бойынша облыста бірегей бастамалар өткен жылы қолға алынған. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасымен ел ішінде баламасы жоқ тантал мен ниобийден инплантаттардың жоғары технологиялық өндірісі басталды. Аталмыш өнім алдағы таңда Қазақстанға тек отандық емес, сонымен қатар ресейлік нарықты да игеруге мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» бойынша облыста республикалық ғана емес, сонымен қатар халықаралық маңыздағы жолдар салынып, жаңартылуда. Темір жолдар да жаңа бағдарларға бастауда. Үнді, Жапония және басқа елдердің инвесторларымен айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Жоғары жылдамдықпен Семейдегі әуежайдың ұшу-қону жолағы қалпына келтірілуде. Өскеменнің де әуежайында жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Актив барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Жолдауының маңыздылығы тоқтала отырып, жауапты органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

– Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаветың жыл сайынғы Жолдауында қойылған міндеттер ел жаңғыруына жаңа серпін береді. Оны іске асыру жолында әрқайсысы өз саласында белсене атсалысуы керек. Барлық жұмыстар жүйелі, нақты жоспарланған, тиімді болуы қажет, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Активтің жұмысына барлық деңгейдегі әкімдер, басқарма, департамент басшылары, құқық қорғау органдары, кәсіпорындар, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Байланыс және ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы салаларының, сондай-ақ жастар ресурстық орталығының өкілдері Елбасының Жолдауы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Алқалы басқосуға келгендер Жолдау негізінде экономиканы арттыруға, әлеуметтік саланы дамытуға, сонымен қатар инвестиция көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіптік-техникалық білім беру бағытындағы іс-шаралар легімен танысты.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар