Ұстаздардың біліктілігіне қатысты мәселе көтерген Мемлекет басшысы "педагогикалық жоғары оқу орындарының аккредитациясының жаңа стандартын енгізуді" ұсынған еді.
Dalanews.kz осы ретте аталған саланың бел ортасында жүрген сарапшылармен пікірлесіп, олардың алдағы өзгерістерге қатысты көзқарасын білді.
Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Ақтолқын Құлсариеваның атап өткеніндей, білімге қатысты, ғылымға қатысты айтылған нәрселер әркезде маңызды, орынды.
"Педагогикалық жоғары оқу орындарының аккредитациясының жаңа стандартының болуы да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп білемін. Және де студенттердің 80-90 пайызы ауылдық мекендерден келетін, шалғай аудандардан келетін жоғарғы оқу орны ретінде жатақхана мәселесі де біздің шешілмей жүрген мәселелердің бірі болғандықтан, мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің бірлесе отырып, осы мәселені шешуін ұсынуы да өте маңызды. Жаңа экономикалық саясат та көптеген бөліктерден тұрады. Бірақ ең басты айтайын дегенім осылар", – дейді ол.
Өз кезегінде осы оқу орнындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жетекші маманы Гүлден Жашаралинаның Президент өз Жолдауында көптің көкейіндегі мәселелерді қозғағанын тілге тиек етті.
"Университеттің мұғалімдерін және де мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын педагогтардың 5 жыл сайын емес, 3 жыл сайын аккредитациялау, яғни біліктілігін арттыруын жаңартып отыру керектігін көрсеткен болатын.
Бұл дегеніміз мемлекеттегі жастарға, мұғалімдердің жаңа білімді әр жыл сайын жаңа түрде, жаңа формада беруін қамтамасыз етудің анық көрсеткіші деп айтсақ болады.
Сонымен қатар балабақшаны да аккредитациялау мәселесіне тоқталсақ, тек қана балабақшаны емес, соның ішінде тәрбиешіні жекелей аккредитациялау мәселесіне де анық түрде тоқталған болатын.
Осындай Президентіміз Жолдауында көрсеткен, атап айтқан нақты жобаларының барлығы алдағы таңда біздің мемлекетіміздің жоғары деңгейде өсіп, жарқын болашаққа жол ашатындығына сеніміміз кәміл", – дейді ол.