Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттардың жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға қолданылатын жазаны қатаңдату жөніндегі сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, мәжіліс депутаттары қазір екі ірі заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Бұл құжаттар қабылданып, күшіне енсе, жүргізушілердің жауапкершілігі күшейтіледі.
Бектеновтің айтуынша, мәжіліс «жаңа көлік түрлерінің қозғалысын реттеу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бойынша Қазақстан заңнамасына және Әкімшілік кодекске бірқатар өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Осы заң жобалары аясында бірнеше маңызды түзетулер қарастырылған.
Атап айтқанда, бір жыл ішінде көлік және жол қозғалысы саласында он немесе одан да көп құқық бұзушылық жасаған жүргізушілер жол ережелері бойынша қосымша білімін тексеруге жіберілуі мүмкін. Олар тиісті емтихан тапсырмайынша, көлік құралын басқару құқығы уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ, әкімшілік кодекстегі жүргізушіні емтиханға жіберу негіздерінің тізімі кеңейіп, оған жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтар енгізілмек.
Сонымен қатар, он және одан да көп жол ережесін бұзған тұлғалар үшін айыппұлдың 50%-ын төлеу арқылы жауапкершілікті жеңілдету мүмкіндігін алып тастау ұсынылып отыр. Бұл қадам жүйелі түрде ереже бұзатын жүргізушілердің санын азайтуға және олардың тәртібін күшейтуге бағытталған.
Жүргізуші куәлігін уақытша тоқтату шараларын нақтылау мен кеңейту де қарастырылуда. Қазіргі кезде бұл механизм тек мерзімінен бұрын медициналық тексеруге жіберілген жүргізушілерге қатысты қолданылады. Ал жаңа түзетулерге сәйкес, жол ережелері бойынша білімін тексеру үшін емтихан тапсыру қажеттілігі немесе денсаулық сақтау органдарының медициналық қарсы көрсетілімдер жөніндегі мәліметтері негізінде де жүргізуші куәлігінің қолданысын тоқтату мүмкіндігі енгізілмек.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігін тоқтату және оны қалпына келтіру құзыретін соттан ішкі істер органдарына беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өзгеріс келесі жағдайларға қатысты болады:
• жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталуы;
• медициналық қарсы көрсетілімдердің анықталуы;
• жол ережелері бойынша емтиханнан өте алмау;
• жүргізуші куәлігін алу кезінде талаптарды бұзу.
Қазіргі уақытта бұл түзетулер үкіметтің талқылауынан өтіп жатыр.