Жоғымызды түгендеп, барымызды қадірлейік

Dalanews 26 қар. 2018 11:15 763

Таяуда ғана Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жария етті. Онда қазақ тарихына байланысты талай дүние сөз арқауына айналды. Әсіресе, мақалада қазақ халқының бағзы заманнан келе жатқан салт-дәстүрі, ұлттық ұстанымдары, таным-түсінігі мен терең тарихының келешегі сөз болды.

Жалпы мақала оқырманға жеңіл әрі түсінікті жазылған. Маған ұнағаны - Елбасының жылқы мен аң стилі туралы айтқандары. Еліміздің Тұңғыш Президенті мақалада: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері», - деді.

Біздің ата-бабаларымыз жан-жануарлардың тілін, түсінігін терең меңгерген. Тіпті адам есімін қоярда да аңның қадыр-қасиетін, мінез-құлқын, бітім-болмысын терең меңгергені байқалып тұрады. Бұл үрдіс әлі күнге жарасымды жалғасын тауып келеді. Бұған дәлел көк туымыздағы қыран құстың бейнесі. Самұрықтың ұясы саналған – Бәйтерек ұғымы да осы үрдістің үзілмес жалғасы екені даусыз. Соңғы жылдары «Қазақстан барысы» деген түсінік қалыптасты. Бұл белді балуандарымызға берілетін атақ-дәрежеге айналды. Міне, мұның бәрі тегін емес.

Жалпы мақалада тарихымызды жаңғырту, насихаттау, келешек ұрпаққа өнеге ете білу мәселесі де орынды сөз болған. Ендігі міндет – осы бастамаларды қолдап, қуаттап, іске асыру. Бұл ретте негізгі сенім білімді де, бастамашыл жастарға жүктеліп отыр. Ендеше, барша жастарды қазақ халқының тарихын насихаттап, жоғын түгендеп, барын қадірлей білеуге шақырған болар едім.

 

Рүстем Наматтулаев, жеке кәсіпкер, Жетісай ауданының тұрғыны

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар