Аталған нысан – халық көп жүретін қала орталығында ашылды. Енді облыс тұрғындары кеңсеге тоқтап, электронды түрде арыз-шағымын тіркетіп, тиісті жауабын ала алады.
Қонақтарды қоғамдық қабылдау кеңсесімен «Nur Otan» партияның облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Осы орайда, Қоғамдық қабылдау тұрғындардың шешімін таппаған мәселелерін шешуге атсалыспақ.
Айта кетейік, мұндай форматтағы қабылдау облыс басшысы Ө. Шөкеевтің бастамасымен Түркістанда ашылып отыр.
Қоғамдық қабылдаудың тыныс-тіршілігімен танысқан Жоғары Сот Төрағасы бұл бастамаға ризашылығын білдірді.
Жалпы, кеңсе ашылған он күнде қоғамдық қабылдауға 184 азамат өтініш білдірген.
Сондай-ақ дәл осы «Open Space»-те өңір басшысы Ө.Шөкеев өзі де халықпен кездесіп, олардың мәселесін шешуге ықпал ететін болады. Мәслихат депутаттары мен салалық мемлекеттік мекеме басшылары да азаматтарды мазалаған сауалдарға жауап беріп, олардың мәселелерін оңтайлы шешуде жұмыс атқаратын болады.
Бұрын партия ғимаратында отырып тұрғындарды қабылдайтын Қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2019 жылдың 8 айында 5933 арыз-шағым түскен. Оның 45%-ы оңтайлы шешіліп, 3097 өтінішке заң аясында кеңес берілген, 74 өтініш қаралу үстінде.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі