Жыл басынан бері AIX биржасындағы сауда айналымы 1 млрд доллардан асып, рекорд жаңартты

Кәмшат Тілеухан 22 қаз. 2024 13:11 2273

Жыл басынан бері Astana International Exchange (AIX) биржасындағы сауда көлемі 1 миллиард долларға жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биржа баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 10 айындағы көрсеткіш соңғы бес жылда қол жеткізілген көлемге пара-пар келеді.

"Бұған жергілікті нарық мүшелерінің белсенділігі, шетелдік жеке инвесторлар мен институционалдық инвесторлардың көбеюі және биржада шығарылған құнды қағаздар санының өсуі түрткі", - дейді қор биржасындағылар. 

Сондай-ақ бұған AIX-те тіркелген қолжетімді құралдар аясының кеңеюі де ықпал еткен: бүгінгі таңда биржада 230 құнды қағаз тіркелген, онда да оның 100-і 2024 жылы тіркеліп отыр. 

"Алғашқы миллиард доллар сауда көлеміне жету үшін бізге бес жыл қажет болды, ал екінші миллиардқа он айдан аз уақыт аралығында қол жеткіздік. Бұл қарқынды даму бес жыл ішінде құрған инфрақұрылымның арқасында мүмкін болып отыр. Осындай тұрақты фундаменттің арқасында біз ары қарай дамып, мүмкіндіктерімізді кеңейте беруге және Қазақстанның қор нарығын дамытуға дайынбыз", - дейді AIX биржасының басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова 

АХҚО арқылы Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 13 млрд доллардан асады, оның ішінде 5,9 млрд – AIX биржасындағы портфельдерге инвестицияланса, ал 7,3 млрд АХҚО-ға қатысушы компанияларға инвестицияланған.

Бүгіндері бұл алаңда әлемдегі 80-нен астам елдің 3200-ге жуық компаниясы жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар