Дін, дін және дін...
Айтуынша, 2017 жылы ауыз толтырып айтатын ауқымды жұмыстар жасалған. Бұлардың көпшілігі жансыз жоба емес, тәжірибе жүзінде іске асатын бағдарламалар екен.
Ермекбаев алдымен «2017-2020 жылдарға арналған діни тұжырымдаманың» ерекшеліктері мен басымдықтарына тоқтала кетті. Тұжырымдамаға сәйкес, бұдан былай діни бірлестіктерді екі шоқып, бір қарайтын мемлекеттік қызметтің аясы кеңейеді және діни насихатты бақылау жұмыстары күшейтіледі.
Сарапшылардың сөзінше, Ермекбаев осы арқылы елдегі діни радикализмнің алдын-алуды көздеп отыр. Әрине, нәтижесін берсе...
Бақылау күшейгенмен билік бәз баяғыдай діндегі догмалық тұжырымдарға араласпайтын болады.
«Солай бола тұра деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-әрекеттерге идеологиялық әрі ақпараттық тұрғыдан тойтарыс беретін шаралар қабылдап жатырмыз. Осы мақсатта Үкіметтің жанынан тек қана діни мәселелермен айналысатын Ведомствоаралық комиссия құрылуда», – дейді Ермекбаев.
Былтырғы жылды қорытындылай келе Ермекбаев атқарылған істің нәтижесі қазірден сезіліп жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, осы уақыттың аралығында діни мекемелердің айналасындағы қауіпсіздік күшейтілген және күшейе түседі, діни материалдарды тарату арналарына тұрақты мониторинг жүргізу жұмысы жолға қойылған.
Қауіпсіздікті қайтіп қамтамасыз етеміз?
Мониторинг демекші, Ермекбаевтың бұл істі қолға алуы бекер емес. Бірақ мұның аздық ететінін жыл басында бірқатар діни сарапшылар министрге ескерткен болатын. Әсіресе, Ақтөбе мен Алматыдағы жағдайдан кейін министрліктің қауіпсіздікті жалғыз мониторинг жасаумен күшейте алмасы анық сезілген еді.
Ермекбаев осы пікірлерді ескерген сияқты.
«Тамыздың басынан бастап Бас прокуратура, Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, «Киберқалқан» жобасын іске қостық», – дейді министр.
Бұл не? Қандай жоба? Қандай бағдарлама? Мақсаты қандай? Білсек, «Киберқалқан» тек теріс діни ағымдардың ақпаратын анықтауға құрылмаған, жалпы ақпараттық кеңістікті тұтас қамтиды. Жоба аясында kibernadzor.kz сайты құрылған-тұғын.
Министр болса: «Бұл ресурс түрлі сайттарға мониторинг жасаумен ғана шектелмейді, сонымен бірге кітап және баспа өнімдерін де назарға алады. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігімен бірігіп, діни лаңкестік үшін сотталғандарды оңалтудың арнайы орталығын құрдық», – деп отыр.
Айтпақшы...
«Оңалғандарға» қатысты. Ермекбаевтың айтуынша, ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстың дұрыс жүргізілгенінің арқасында радикалды ұстанымда болған 300-ге тарта қазақ қазақстандық дәстүрлі дінге қайта оралыпты.
Министрдің бұл көрсеткішке көңілі толмай отырғанға ұқсайды. Білсек, «оңалғандарға» қарағанда, «адасқандардың» саны әлдеқайда көп.
Дін министрлігі ақпараттық жұмыстың әсері қандай екенін енді түсінген сияқты. Бұл бағыттағы жұмыстарды биылғы жылы ерекше жетілдіріпті. Ермекбаев бұған бірқатар дәлел келтірді.
«Ең алдымен ақпараттық-насихаттық және теологиялық топтардың құрамын қайта жаңарттық. Жаңадан жасақтадық. Топтың құрамына теологтардан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары, қоғам белсенділері, БАҚ және діни бірлестіктердің өкілдері, саясаттанушылар кірді. Жыл басынан бері бұлардың көмегімен 2 миллионға жуық азаматты қамтыған 17 мыңға жақын діни шаралар өткіздік. Мұның ішінде жастармен жұмысқа баса назар аудардық. Шамамен 700 мыңға жақын жасты қамтыған 6 мыңнан аса шара ұйымдастырылды осы күнге дейін. Және бір маңызды жайт: қауіпті топтармен байланысқа түсудің жаңа тәсілдерін таптық», – дейді Ермекбаев.
Министрліктің «оң қолы» кімдер?
Министрлік өзі жалғыз түк атқара алмас еді. Оған да көмек керек. Қоғамның көмегі керегі керек. Министрдің ілгеріде айтқан ақпараттық-насихаттық және теологиялық топтың қатарына үкіметтік емес ұйымдарды шақыруы соның дәлелі.
Дәл қазір Ермекбаев басқаратын ведомство «Ақниет» оңалту орталығымен бірігіп, жұмыс істеуде. Бұл орталықтың мақсаты не? Атқарар ісі қандай? Білсек, «Ақниеттің» мамандары абақтыда отырғандар, оның ішінде теріс діни ағымдардың ықпалына түскендермен жұмыс істейді.
«Иә, солай. Діни экстремизм үшін бас бостандығынан айырылған азаматтың өзімен ғана емес, оның отбасымен жұмыс жүргізеді. Бұдан сырт секталардан зардап шеккендерге қол ұшын созатын кеңес беру орталықтарын құрдық. Жалпы алғанда 20-дан аса үкіметтік емес ұйыммен серіктеспіз.
Теріс діни ағымдардың ықпалындағы адамдардың психологиялық күйзеліске түсуі тез. Осы мақсатта «Жедел желі-114» жобасын құрғанбыз. Осы желіге былтырғы жылы 500-ден астам хабарлама түскен екен. Бұл нені білдіреді? Мемлекеттің «адасқандарды» құтқаруға деген ниетін көрсетіп отыр. Уақыт өте келе елдегі діни ахуалды толықтай бақылауға алатын боламыз. Міне, сол кездері қауіпті діни идеялардың ықпалы өзінен-өзі төмендеуі тиіс» дейді Ермекбаев.
Осы рас па?
Министр сонымен қатар нашид (діни әуен) тыңдаған Алматы тұрғынына қатысты сауалға да жауап берді.
«Журналистер мен құқық қорғаушылар: «бұл азаматты діни әндер тыңдаған үшін жауапқа тартты» деген ақпарат таратты. Мүлдем олай емес. Айналып келгенде, арандату бұл», – дейді Ермекбаев.
Бірақ жел тұрмаса, шөп басы қимылдамайды ғой. Министрдің бұл туралы егжей-тегжейлі айтып беруіне тура келді.
«Мәселе: діни ән тыңдағанында емес, қандай діни ән тыңдағанында және оны таратқанында жатыр. Әзір осы мәселе бойынша тексеру жұмысы жүріп жатыр. Иә, бір азамат тұтқындалды. Оған нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтың және әлеуметтік алауыздықты қоздырғаны үшін айып тағылып, әрі терроризмді насихаттаған материалдарды таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды», – дейді Ермекбаев.
Министрдің сөзінше, әлгі азаматтың не себепті жауапкершілікке тартылғанын түбегейлі анықтамай жатып, асығыс ақпарат тарату жұртты жаңылдырады. Демек, сақ болу керек. Министрліктің ресми хабарламаларына ғана сенген және соны ғана жариялаған дұрыс.
Оқырман хабардар шығар, бұдан бұрын «В контакте» әлеуметтік желісінде араб тіліндегі діни әуендерді тыңдаған Алматы қаласының тұрғыны қамауға алынған.
Діни тұжырымдама не үшін әзірленді?
Үкіметтің баспасөз жиынында Ермекбаев осы мәселеге де тоқтала кетті. Өз сөзімен айталық.
– Қоғамдағы діни ахуал мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін аса қажет.Таяу Шығыстағы, Африка, Оңтүстік Азия елдеріндегі тәжірибе көрсеткендей, осы саладағы процестер, қоғамдық қатынастардың саяси жүйесі мен мемлекеттің құрылымын қысқа уақыттың ішінде түбегейлі өзгертіп жібере алады.
Еліміз діни тұрғыда ұстанған негізгі бағыт – зайырлылық. Бұл атеистік көзқарасты емес, ұлттық бітім-болмысызды сақтай отырып, түрлі этнос өкілдері арасындағы толеранттылықты нығайтатын ұғым. Осы мақсат-міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.
Тұжырымдаманың не үшін және қандай мақсатпен әзірленгенін білдіңіздер. Қазір бұған сәйкес заң жобасы әзірленуде.
Заңның артық-кем тұстарын елеп-екшеп жатқан сарапшылардың пікірінше, барлығы 13 заң және 4 кодекске 60 жуық түзету енгізілмек. Солар туралы айталық.
Бұдан былай...
Қоғамдық орындарда бет-аузын тұмшалап тастайтын киіммен жүруге тыйым салынуы мүмкін. Заң желтоқсанның басында қабылданбақ.
«Құжат жобасында қоғамдық орындарда адамның бетін бүркемелейтін немесе түрін анықтауға кедергі келтіретін киіммен жүруге қатаң тыйым салатын норма ескерілген», – дейді бұл ретте Ермекбаев.
Бір қызығы, бет-ауызды тұмшалайтын қара киімге тыйым салынғанымен, мұның қысқа балақ пен шоқша сақалға қатысы жоқ екен. Дәл қазір Дін істері министрлігі бұл мәселені қарастырып жатқан жоқ.
Ал қара киімге келгенде, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері комитеті басшысының міндетін атқарушы Еркін Оңғарбаев: «мұндай заң барлық елде бар» дейді.
«Бетті тұмшалайтын киім киюге болмайды деген норма бар Батыста. Мәселен, бұл паранджа, басқа да киімдер. Осы мәселе бойынша көптеген Еуропа елдерінде тәжірибе жинақталған, сот тәжірибесі бар. “Бұл адам құқықтарын бұзады” деп осы елдің азаматтары адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағымданды. Бірақ сот барлық істер бойынша осы нормалар енгізілген елдердің заңдарына қолдау танытты”, – дейді Оңғарбаев.
Бұдан сырт
Дін істері министрлігінің бастамасымен билік мектеп бағдарламасына арналған жаңа оқулық дайындауға кірісіп кетті. Оқулық әлемдік діндер туралы болмақ. Аты – «Қоғам және дін». Келесі жылдан бастап басылатын болады.
Ермекбаев өз кезегінде, бұл оқулықтың Білім министрлігімен бірігіп, әзірленгенін айтып отыр.
«Оқулық мектеп бағдарламасына енгізілетін болады. Оқулықта әлемдік діндер, мемлекеттің зайырлы негіздері жөнінде ғылыми тұрғыда берілетін білім контенті күшейтілген», – дейді ол.
Оқушылар өз алдына, ересектердің діни сауатын ашу мақсатында арнайы орталықтар құрылмақ. Дін істер министінің айтуынша, қазіргі таңда Батыс өңірлерде, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстанда дінтану мамандығын ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Екпеге кім қарсы?
Ермекбаев бұл мәселені біраздан бері көтеріп келді, негізінде. Министрдің дерегінше, бір ғана былтырғы жылы діни ұстанымдарынан аттап кете алмаған 10 мыңға жуық ата-ана балаларына вакцина салуға қарсы шығыпты.
«Бала белгілі бір жасқа толғанда дінге қатысты шешімді өзі қабылдаса құба-құп болар еді. Балалардың ата-анасы ажырасып кеткен жағдайлар болып, олардың бірі қандай да бір діни ұйымға тартылып жатады. Бала жол апатына түсіп, оған қан керек болған жағдайлар болды. Мысалы, сол кезде анасы қан құйдыртуға қарсы болды. Мұндай кезде ойланатын уақыт жоқ, адам өмірін құтқарып қалу керек. Сондықтан да осы норманы күшейту туралы ұсыныс айтылып отыр», — деген бұдан бұрын ел алдында есеп берген министр.
Министр міндетті вакциналауды жақтайды. Ал діни ұстанымдарын баласының денсаулығынан жоғары қойған бірқатар ата-ана, бірқатар дейміз-ау біраз отбасы екпеден бас тарқаны есімізде.
Оның салдары қандай болғанын да білеміз.
Ермекбаев былай деп отыр. Міндетті вакциналау енгізілсе, бұл бірінші кезекте аса қауіпті инфекциялар мен паразиттік аурулар бойынша қарастырылады.
«Атап айтқанда, бұл қадам бір баладан екінші балаға берілетін қауіпті инфекциялар аясында ескерілуде. Егер де біреу екпе жасамаса, онда ол өзіне ғана емес, сонымен қатар басқаларға да жұқтыруы ықтимал. Сондықтан да, бұл тұрғыда өзге адамдардың да құқықтары бұзылады. Яғни бұған жол берілмеуі қажет», –дейді Дін істері министрі.
Ермекбаев дегеніне жетпей тынбайтын түрі бар. Дегенмен, бұл дауға нүкте қойылды деген сөз емес. Вакцинацияны міндетті түрде талап ету мәселесі әлі де талқылануда.
Неге? Себебі, жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Ал министр болса, екі тараптың пікірін тыңдап барып, шешім қабылдамақ.
Міндетті екпені қолдайтындардың көзқарасын ілгеріде Ермекбаевтың аузымен айттық. Ал қарсы тарап не дейді.
Бұлардың пікірінше, екпеден бас тартып жатқан мұсылмандар да, христиандар да бар. Демократиялы елде өмір сүретіндіктен Дін министрінің адамды екпе жасауға немесе қан құюға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.
Анығында, Ермекбаев та осыны айтып отыр. «Мұның бәрі айналып келгенде азаматтардың өзінің түсінігі мен жауапкершілігіне байланысты» дейді ол. Әліптің артын бағайық неде болса...
Министр: «Мемлекеттік қызметкер діни сенімін ашық түрде көрсетпеуі тиіс»
Естеріңізде болса, бұдан бұрын мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс кезінде діни жоралғыларға қатысуға (айталық, мешітке баруға) шектеу қойылуы мүмкін екендігі хабарланған.
Кейін ұмыт қалды. Бұл мәселені ақыр аяғында жылы жауып қояды деген үміт болған. Ермекбаев ұмытпапты.
«Бұл мәселеге байланысты мемлекеттік қызметшінің этика кодексі бар, білесіздер.Мұны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қабылдаған болатын. Осы этика кодексі бойынша әрбір мемлекеттік қызметші өз діни сенімін ашық түрде көрсетпеуі тиіс. Одан басқа еңбек кодексі де бар. Еңбек кодексінде жұмыс уақытында кез келген жұмысшы немесе қызметші өз жұмыс орнында отыруы тиіс. Осы себепті, бұл арада тек этика кодексі мен еңбек кодексін сақтау мәселесі. Айта кетейін, жұмыстан тыс уақытта ешкімге ешқандай шектеу қойылмайды. Бос уақытында немесе демалыс күнінде кез келген азамат кез келген діни мекемеге, мешіт болсын, шіркеу болсын емін-еркін бара алады», — деді Дін істері министрі үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Тоқ етерін айтқанда, бұл тарапта да жауапкершілік күшейуі мүмкін. Ермекбаев солай деп отыр...
Дайындаған Думан БЫҚАЙ