Жетісу облысында полицейлер алаяқтың әрекетін дер кезінде әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жетісу облысындағы сауда орталықтарының бірінде полиция телефонмен сөйлесіп тұрған егде жастағы әйелге назар аударған. Әңгіме сипаты полицейлерге күдік тудырған.
Зейнеткер қобалжып, біреудің нұсқауымен әрекет етіп жатқандай көрінген. Полиция қызметкерлері белгісіз адамдар зейнеткерге қоңырау шалып, "тексеріс жүргізу" мақсатында SMS арқылы келген кодты айтуды талап еткенін анықтаған.
"Алаяқтар оның атына 5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге тырысқан, алайда банк тек 2 миллион теңгені мақұлдаған. Дәл осы соманы зейнеткер алаяқтарға аудармақ болған. Полиция қызметкерлері телефонды беруді сұрап, өзін Айсел деп таныстырған адаммен сөйлесті. Ол зейнеткердің қызы екенін айтты, бірақ әйелдің аты-жөні мен тегін атай алмады, бұл алаяқтық әрекетті растады", - деді ІІМ өкілі.
