Жетісуда Ұлт жоспарының орындалу барысы талқыланды

Dalanews 19 қаз. 2017 04:51 1178

«5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бойынша облыста атқарылған жұмыстар туралы бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен жиында жұмыс тобының мүшелері айтты.

Лаззат Тұрлашовтың айтуынша, облыста арнайы комиссия мен 5 жұмыс тобы жұмыс істейді, Ұлт жоспарын жүзеге асырудың жоспары әзірленіп, ол тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Жиын барысында алғашқы болып облыс әкімі аппаратының басшысы Батыржан Байжұманов «Заманауи мемлекеттік аппаратты құру» тақырыбында баяндама жасады.

Б. Байжұмановтың мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 9 айында жергілікті атқарушы органға мемлекеттік қызметтің алғашқы сатысына 437 азамат кірді. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 3 қадамын орындау мақсатында іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді: мемлекеттік қызметке кіру үшін кандидаттар заңнамаларды білу деңгейін анықтайтын текстілеуден, жеке басының қасиеттерін бағалаудан, сол сияқты мемлекеттік органда кәсіби білімі бойынша әңгімелесуден өтеді. Мемлекеттік органдар тарапынан есепті кезеңде бақылаушылар мен сарапшылардың қатысуымен 463 әңгімелесу өткізілді. Сонымен қатар облыстың барлық мемлекеттік органдарында «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау жөніндегі комиссиялар бекітілген. Мәселен, биылғы жылдың 2-тоқсанында облыс бойынша 3366 мемлекеттік қызметкер бағалануға тиіс болса, соның 3331-і бағалаудан өтті, олардың 430-ы – «өте жақсы», 2257-сі – «тиімді», 644-і – «қанағаттанарлық» деген бағаға иеленді.

Ұлт жоспарының 3 пен 5 қадамдары бойынша облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов баяндады. «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты 3-бағытына сәйкес облыста инвестиция бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Трансұлттық ұлттық компаниялардың қатысуымен құны 144,7 млрд. теңгелік 5 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Соның негізінде 2500 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Экокультура» агрохолдингі жылыжайының құрылысы, «Бауман» компаниясының  қой етін өңдейтін зауыты, картоп өңдейтін «Farm Frites», май шығаратын «ЛУКОЙЛ Лубрикантс», «Ролтон» брендімен азық-түлік шығаратын «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорындарын айтуға болады. Сүт және сүт тағамдарын өндіру ісін дамыту үшін Алакөл ауданында «Қайыңды» ЖШС-мен бірлесіп қуаттылығы тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін өңдеу зауыты мен 3 мың басқа арналған сүт-тауарлы заманауи ферма салатын германиялық инвестор «Agrila» компаниясы тартылған. Бүгінгі күні сүт бағытында 4807 қожалықты біріктірген 39 кооператив құрылды. Жамбыл ауданында ирандық «Империя Фуд» компаниясы құны 2,3 млрд. теңгелік, қуаты 8 тонналық, 30 жұмыс орнын құратын ет комбинатын салып жатыр. Жыл басынан бері етті бағытта 6435 шаруашылықтың басын қосқан 64 кооператив құрылды. Туризм саласында стратегиялық инвесторларды тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Республикалық қанатқақты жобалардың тізіміне «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы енгізілді, инвесторы – «Stepp Capital» АҚ.

Сол сияқты жиын барысында «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» жұмыс тобының мүшелері Алматы облысының әділет департаменті басшысының орынбасары Барлық Төреханов, жергілікті полиция қызметінің басшысы Марат Күштібаев, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қобылан Манапов сөз алды.

Төртінші жұмыс тобының жұмысы туралы топ жетекшісінің орынбасары, Алматы облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай айтып берді. Жоспардың 99-шы қадамының орындалу барысы жайында облыстық мәслихат хатшысы, бесінші жұмыс тобының басшысы Сұлтан Дүйсембінов баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде Қоғамдық кеңес 6 отырыс, 3 тыңдау өткізіп, жергілікті атқарушы орган басшыларының есебі 3 рет тыңдалған, сол сияқты түрлі мазмұндағы 35 мәселе қаралған.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бірқатар тапсырмалар берді. Облыстық комиссия отырысын жылына 2 рет, қажет жағдайда тоқсан сайын өтікізіп тұру тапсырылды. Жұмыс топтарына барлық бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі ескертілді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/31146

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар