Сарқан ауданында орналасқан «Azia Gold» ЖШС кәсіпорнының 30 жылға жуық тарихы бар, бұл кәсіп алғашында жабайы шөптер теруден басталған. Кәсіпорын директоры Алексей Коржиковтың айтуынша, кейін түймедақты өздері өсіре бастады. «Бұған екі нәрсе әсер етті. Өзіміз өсірсек, біріншіден шикізат қолжетімді болады, екіншіден жеріміздің табиғи ресурстарын сақтауға оң әсерін тигізеді» дейді кәсіпкер. Бұл сөздің де жаны бар, себебі Сарқан ауданының таулы аймақтарында жабайы алмадан бастап өсімдіктің көптеген түрі өседі. Оны сақтап қалу – ортақ міндет.
– Алғашында тұқымды Ресейден, Еуропадан сатып алдық. Кейін оларды өз климатымызға бейімдедік. Өз тұқымымыз мен көшет материалын алып, егіс алқаптарын кеңейте бастадық. Қазір дәрілік шөптердің егіс алқабы 5 мың гектарға жетті. Түймедақ, жалбыз, сәлбен, валерьяна, қалақай, лаванда, сондай-ақ долана, қарабүлдірген, таңқурай сияқты дәрілік шөптердің 10-нан астам түрін өсіреміз, – деді Алексей Коржиков.
Бір ғана түймедақтың өзінің пайдалы қасиеттері шаш етектен. Гүлдің өзегі бөлек, қалған бөлігі бөлек арнайы жабдықта ұсақталады. Соның нәтижесінде одан екі түрлі өнім алынады. Оның өндірілетін жылдық көлемі 250-300 тоннаға жетеді.
Қайта өңдеуден өткен гүлдер мен одан алынған фракциядан кейін шай және диеталық қоспалардың барлық түрі жасалады. Бірақ шетелдік тұтынушылар көбіне таңқурай мен қарақаттың хош иісті жапырақтарын негізінен жеке сусын немесе шайға пайдалы және дәмді қоспа ретінде пайдаланады.
– Емдік шөп өңдеуді жолға қою үшін құны шамамен 46 мың еуро болатын еуропалық өндірістің 3 арнайы аппаратын сатып алдық. Бөлшектерді ауыстырудың арқасында, әртүрлі бағдарламалардың көмегімен бұл құрылғылар көп функция атқара алады. Дегенмен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу кезінде мемлекеттен субсидия алдық, бұл бізге едәуір қолдау болды, – дейді директор.
Атап өтсек, шөп өсірілетін алқаптар аудан орталығынан 20 шақырымнан астам жерде Қарғалы, Қарауылтөбе ауылдарының маңында орналасқан. Әсіресе өсімдіктердің экологиялық жағынан таза болуына ерекше назар аударылады, сондықтан арамшөптерді жоюға тек Еуропалық стандартқа сай гербицидтер қолданылады.
Ал қоймалары, өңдеу және сақтау цехтары Сарқан қаласында орналасқан. Кәсіпорында 55 адам жұмыс істейді. Табысқа ортақ еңбектің арқасында жетіп отырмыз дейді кәсіпорын директоры. Оның айтуынша, дегенмен жұмысшы қолы әлі де жеткіліксіз.
– Жалақысы 200 мың теңгеге жететін көшет материалымен жұмыс істеу кезеңінде біз жұмысқа әйел азаматтарды көбірек тартуға тырысамыз. Әрине, бұл жұмысқа көп уақыт кетеді. Жалпы, біздің шаруашылықта жалақы жұмыс пен өндіріс түріне байланысты. Мұнда дәрілік шөптерден басқа дәнді дақылдар, тары, күнбағыс өсіріледі. Жалақы айына 900 мың теңгеге жететін кездер де болады, – деді Алексей Қоржықов.
Николай Козловский кәсіпорында 5 жылдан бері жұмыс істейді. «Шөп себеміз, тазалаймыз. Қолыма 140 мың теңге аламын. Жағдайымыз жақсы, сондықтан осында бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келемін» дейді ол.
Алдағы жоспарлары туралы айта келе, кәсіпорын директоры дәрілік шөптер шаруашылықтағы дақылдар алқабының небары 30% алып жатқанына қарамастан, дәрілік шөптерден түсетін табыстың жоғары екенін де атап өтті. Алдағы уақытта көшет өсіру үшін жылыжайлар салуды жоспарлап отыр. Себебі кейбір өсімдіктерді ерте көктемде отырғызу керек. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығының әмбебап дәмдеуіштер өсірсек деген де ойы бар.
Атап өтсек, қазір «Azia Gold» ЖШС кәсіпорнында түрлі дәрілік шөптер мен өсімдіктердің 10-нан астам түрі өсіріледі. Алқап маусым-шілде айларында гүлдеп тұрады. Жаз мезгілінде түрлі түсті гүлдерімен көмкерілген алқапты көруге қызығатындар қатары көбейіп жатса таңғалмаймыз. Өйткені кәсіпорын осы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, іргесін кеңейте беретін болса, болашақта агротуризм бағытындағы танымал орынға айналуы мүмкін.
– Өнімдерімізге деген сұраныс біздің өндіру қуатымыздан да асып тұр, яғни фитоөнім шығару – болашағы бар сала, сондықтан біз кәсіпорынды кеңейтудің нақты жоспарларын жасап жатырмыз, – деді Алексей Викторович.