Жетісуда Наурыз мерекесінде биыл мерейтойы атап өтілетін тарихи тұлғалар дәріптелді

Жарбол Кентұлы 24 нау. 2025 10:24 897

Жетісу облысында Наурызға арналған мерекелік шараларда биыл мерейтойы аталып өтілетін тарихи тұлғалардың еңбегі кеңінен дәріптелді. Атап айтқанда, Талдықорғандағы «Жастар» саябағында 190 жылдықтарына орай «Бақтыбай Жолбарысұлы ауылы» және «Шоқан Уәлиханов ауылы», 180 жылдығына орай «Абай Құнанбайұлы ауылы», 120 жылдығына орай «Қанабек Байсейітов ауылы», 95 жылдығына орай «Әнуар Әлімжанов ауылы», 80 жылдықтарына орай «Жұматай Жақыпбаев ауылы» және «Құман Тастанбеков ауылы» тігіліп, мұнда көрнекті тұлғалардың өмірі мен елге сіңірген еңбегіне арналған көрмелер ұйымдастырылып, театрландырылған көріністер қойылды. Сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Достық ауылы» киіз үйінде ұлт пен ұлыстар достығы паш етілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әз Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» деген тақырыпта өткізілген Талдықорғандағы бұл мерекелік шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

Саябақ сахнасындағы салтанатты шара Наурыз мейрамының мәнін ашатын  театрландырылған көрініспен басталды. Жетісулықтарды осы күні мерекемен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтап, Наурызнама онкүндігін өткізудің мән-маңызына тоқталды. Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ортақ идеологиялық мақсаттар Наурыздың философиясымен үндесіп жатқанын жеткізді. Сол сияқты «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жастарды қоршаған ортаға деген қамқорлыққа, еңбек құндылығын дәріптеуге үйрететін рөліне тоқталды.

– Наурыз мерекесі – бізге мыңжылдықтардан мирас болған халқымыздың айрықша мұраларының бірі. Наурызды мерекелеу аясында облысымыздың түкпір-түкпірінде 230-дан астам сан түрлі іс-шара өткізілуде. Наурыз күндері 5 мыңға жуық ағаш отырғыздық. Көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Мұндай шаралар жыл бойы үздіксіз жалғасып келеді. Бұл – біздің Жетісу халқының ынтымағының айқын көрінісі, – деді Бейбіт Исабаев.

Осы күні ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді, сондай-ақ талдықорғандық жас спортшыларға футбол доптары таратылды. Сол сияқты «Талдықорған барысы» финалистерінің белдесуі және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Бүгін футбол добына ие болғандардың ішіне М.Ломоносов атындағы № 5 мектеп-лицейдің 5 «Ә» сынып оқушысы Мұрат Бағдәулетте бар.

– Біз отбасымызбен спортты жақсы көреміз. Ағам бокспен, інім каратэмен айналысады. Ал менің «Болашақ» мамандандырылған спорт мектебінде футболға қатысып жүргеніме бір жыл болды. Жазда жарысқа барамыз деп дайындалып жатырмыз. Бүгін фубтол доптарын таратты. Бұл біз үшін мерекеге ерекше сыйлық болды. Болашақта еліміздің ұлттық құрамасында ойнағым келеді, – деді жас спортшы.

Қазақ халқының және облыста тұратын басқа да ұлт пен ұлыстардың этно-мәдени көрмесі, «Шеберлер ауылында» қала кәсіпорындарының қатысуымен «Қазақстанда жасалған» көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жалпы бүгінгі Наурыз мерекесінің ұйымдастырылуы жайлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қысқаша айтып берді:

– Наурыз мерекесі Наурызнама тұжырымдамасына сай кең көлемде ұйымдастырылып отыр. Іс-шараларда Ұлыстың ұлы күнінің философиясындағы құндылықтардың бәрі қамтылды. Бүгін облыс орталығында мерекеге орай 21 киіз үй тігілді. Соның ішінде биыл мерейтойы атап өтілетін Жетісуда туған көрнекті тұлғалардың атымен аталған ауылдар да бар. Осы қайраткерлердің халық өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбектерін барынша насихаттап, көпшілікке танытуды мақсат тұттық. Осылайша Наурыз мерекесі мерейтойлық жылды бастап берді деуге болады. Мұндай игі істер жалпыұлттық сананы қалыптастыруға, мәдени-тарихи мұраларымызды сақтауға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді ол.

Мерекелік шараны тамашалауға келген қала тұрғындары да ой бөлісті:

– Бүгін кіші балам мен немеремді Наурыз мерекесіне арнайы алып шықтым. Наурыз тойының халық арасында қалай тойланатынын кішкентайынан көріп өссе, есінде жатталып қалады ғой. Сондықтан осындай көпшілік ортаны көрсетіп, халықтың салт-дәстүрін шамамыз келгенше үйде де ұғындырып отыруға тырысамыз. Бүгін мереке бар сән-салтанатымен керемет өтіп жатыр. Киіз үйлерді аралап көрдік. Ұлттық бұйымдар, ұлттық тағамдар көрмелерін тамашаладық. Көп көжеден дәм таттық. Көңіл күйіміз керемет. Барша жетісулықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, Ұлыс оң болсын, – деді талдықорғандық Әлия Оңғарова.

Аймерей Хайрулла, №28 ІТ мектеп-лицейінің 4 сынып оқушысы:

– Жасым 9-да. Оқу озатымын. Бүгін Наурызға қазақша көйлегімді киіп, әшекейлерімді тағып, әжеммен бірге келдім. Әрбір киіз үйдің алдында әжелер шашу шашып, балалар шашу тердік. Көрмелерден қолдан жасалған әдемі заттарды көрдік. Концерт тамашаладық. Наурыз мерекесі маған қатты ұнайды, – деді ол.

Мерекелік шара жергілікті өнер ұжымдарының «Наурыз шашу» концерттік бағдарламамен түйінделді.

Жалпы Наурызға арналған бұқаралық шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларында кеңінен атап өтілді. Мәселен, Алакөл ауданында 8-10 жас аралығындағы балалар арасында 13 келі салмақты көтеру сайысы өтіп, жеңімпазға қозы сыйға тартылды. Ал Сарқан ауданында ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды дәріптеу мақсатында 13-18 жас аралығындағы жасөспірім қыздарға арналған «Ханшайым – 2025» байқауы ұйымдастырылды.   

Атап өтсек, бүгін Наурыз мерекесінің шаралары аяқталған соң қала тазалығын сақтауға ұлес қосу үшін  «Жастар» саябағына облыстық мәдениет саласының қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық шарасына 200-дей адам қатысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар