Жетісуда бес бастаманың Жол картасы әзірленді

Dalanews 20 сәу. 2018 08:36 1009

Жетісу өңірінде облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасымен «Алматы облысында Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы» әзірленіп, Карта бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл құжатта Мемлекет басшысының  тапсырмаларын тиімді орындаудың нақты жоспарлары белгіленген, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.



Жол картасында көрсетілгендей, бірінші бастама бойынша «7-20-25» бағдарламасына сәйкес жоспарланған шаралардың нәтижесінде 2022 жылға қарай Алматы облысында тұрғын үй кешендерінің құрылысы есебінен жалпы алаңы 2,3 млн шаршы метр болатын 18456 пәтерлік 953 үй салынады деп жоспарланып отыр. Құрылыс барысында қаржыландырудың түрлі көздері, соның ішінде жеке инвестиция да тартылады.

Ал мемлекеттік гранттардың санын арттыру туралы бастама жастар үшін үлкен демеу болуда. 2018-2019 жылы оқу жылында өңірде мемлекеттік грант иегерлерінің саны 2 мыңға артпақ.Ал 2019-2020 жылдарға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде өңірде жалпы орын саны 2650 болатын 10 жатақхана салынатын болады. Оның ішінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен Сүлеймен Демирел атындағы университетке және облыс өңірлеріндегі 7 колледжге жатақхана салу жоспарда бар.

Төртінші бастаманы жүзеге асыру мақсатында биылғы жылдың бірінші жартысының соңына дейін өңірлік кәсіпкерлер палатасының қатысуымен облыста микроқаржылық ұйымдар құрылатын болады. Соның негізінде шағын несиелендірумен кем дегенде 10 жоба қамтылмақ. Сонымен қатар шағын несиелендіруді кеңейтуге бағытталған жұмыстар жалғастырылып, ауылдық жерлер, Талдықорған, Текелі қалалары және облыстың өзге де шағын қалаларына шағын несие үшін қосымша қаржы бөлу қарастырылады.



Бесінші бастама шеңберінде облысты газдандыру шаралары қабылдануда. Мәселен, «Жетіген» АГБС пен «Байсерке-Жетіген» жинақтаушы газ құбырын іске қосу арқылы Талғар және Іле аудандарының 30 мың халқы бар 8 елді мекені газдандырылады. Сол сияқты 2019-2020 жылдарда ауылішілік газ бөлу жүйесі құрылыстарына қатысты 60 жобалық-сметалық құжаттама дайындау жоспарланған.

Сөйтіп, жеке ивестициялар тартылатын жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 2020 жылға қарай Алматы агломерациясының елді мекeндері 100% қамтылады. Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар аудандарының және Қапшағай қаласының 60 елдімекенін газдандыру жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп, өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

«Алматы-Талдықорған» магистралды газ құбырының жүктемесіне қатысты жұмыстардың нәтижесінде Талдықоған қаласын, оның маңындағы саяжайларды, Қаратал, Балқаш, Кербұлақ, Ескелді, Көксу аудандарының елді мекендерін, Текелі қаласын газдандыру жалғасады. Сол сияқты «Талдықорған-Үшарал» МГ құрылысы жоспарланған. 2019 жылы  шекаралық аудандарға көгілдір отын жеткізу жұмыстары басталады.

Жалақысы төмен азаматтардың кірісін арттыру мақсатында салық жүктемесін азайту жөніндегі маңызды бастаманы жүзеге асыру бойынша да қажетті шаралар қабылдау қарастырылған.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар