Жетісуда аумақтарды абаттандыру аясында 77 көпқабатты үйдің шатыры жөнделіп жатыр

Ақтоты Жапатова 06 там. 2025 11:32

Жетісу облысында биыл 77 көпқабатты үйдің шатыры жаңартылуда,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасына сәйкес елді мекендер аумағын абаттандыру, соның ішінде ғимараттар мен құрылыстардың сыртқы келбетінің талаптарға сай болуына көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте Ақсу ауданында 15 шатыр, Қаратал ауданында 5, Көксу ауданында 11Текелі қаласында 7, Талдықорған қаласында 39  шатырды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге соның 30-ында құрылыс жұмыстары аяқталды.

Шатыр жөндеуде ең көп жоба Талдықорған қаласына тиесілі. Жалпы қала әкімдігінің мәліметіне сәйкес, облыс орталығында 800-ден астам көп қабатты үй бар. Олардың көпшілігі 1970-1980 жылдары салынған. Осыған байланысты тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында шатыр  жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.

- Көп қабатты тұрғын үйлердің шатырын жөндеу жұмыстары 2023 жылдан бері қолға алынып келеді. Алдыңғы жылы 1950-1970 жылдар аралығында салынған 13 үйдің, ал өткен жылы 28 үйдің шатыр жаңарды. Биыл 1968-1992 жылдар аралығында тұрғызылған 39 үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жасалады, соның 17-сінде жұмыс жүріп жатыр, - деді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтіметов.

Шатыры жаңаратын үйлердің бірі - Талдықорғандағы Жансүгіров көшесі, 78-үй.

- Мұнда қазір біздің компанияның 6 құрылысшысы жұмыс істеуде. Құрылыс алаңының көлемі - 1140 шаршы метр. Жұмысшылар тозығы жеткен шиферді, оның астындағы шіріген ағаштарын алып, толықтай жаңалап жатыр. Жұмыстар он күннің ішінде бітеді деп жоспарлап отырмыз, - мердігер ұйымның бригадирі Айдос Байболов.

«Тұрғын үйіміздің шатыры ауыстырылатынын естігенде қуандық. Бұл үйде негізінен егде жастағы адамдар тұрады, сондықтан шатырды өз күшімізбен жаңарту біз үшін оңайға соқпас еді. Біздің осы түйткілді мәселемізді оңынан шешіп, шатырымызды жөндеп беріп жатқандарыңызға үлкен рахмет айтамыз, - дейді тұрғын Наталья Якушева.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар