Жетісуда 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсету орталығы ашылды

Dalanews 30 қаң. 2024 21:46 1780


Талдықорғанда «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында 18 жастан асқандар үшін 50 төсек-орынға арналған бөлімше ашылды. Бұл 2023 жылы облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа «Қамқор» орталығында тәрбиеленіп отырған балалардың ата-аналарының айтқан өтініші бойынша жасалды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.


Орталықтың аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді, оған 12,8 млн теңге бөлінген. Ересектер бос уақытын тиімді өткізуі үшін беседкалар, серуен алаңы, сахна, воркаут алаңы жасалынып, көтергіш лифт орнатылды. Бұдан бөлек, осы жылдың екінші тоқсанында 16 млн теңгеге жуық қаржыға монша салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 29 млн теңгеге орталық тәрбиеленушілерін кедергісіз тасымалдау мақсатында көлік сатып алынбақ.


Бүгін жаңартылған орталыққа барған тәрбиеленушілердің ата-аналары мен жақын туыстары жасалған жағдайлармен танысты.



Атап өтсек, стационары бар «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.



Осы жылдың қаңтар айынан бастап орталық базасында ересектер бөлімшесі жұмыс істей бастады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректері бойынша бүгінгі күні орталықта 104 адам қызмет алады. Оның ішінде 54-і бала.


Орталық аумағында ойын, спорт, волейбол алаңдары мен жылыжай бар. Сенсорлық, физиотерапиялық, дефектологиялық, стоматологиялық, егу, процедуралық, логопедиялық кабинеттер, сондай-ақ психолог, емдік дене шынықтыру, еңбекпен оқыту кабинеттері, мәжіліс залы бар. Тұз шахтасы, релаксация бөлмесі жұмыс істейді, музыка және кәсіптік терапия қолданылады. Қызметкерлердің штаттық саны - 167.


Жалпы облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 мекеме жұмыс істейді, оның 6-уы – стационарлық, 7-уі – жартылай стационарлық мекеме.


Сонымен қатар, мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтардың ата-аналырының өтініштері бойынша 2024 жылдың 1-ші ақпанынан Талдықорған қаласында жартылай стационар жағдайында қызмет көрсететін күндізгі болу орталығы өз жұмысын бастайды.


 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар