Өңірдегі белсенді Гүлнәр Сейітқызы Жетісу облысы Алакөл ауданындағы жол құрылысы сапасына наразылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Батпақ пен қарда жол салуға бола ма? Елімізде жанашыр азамат қалды ма өзі? Бүгін ауылдан хабар келді. Өздеріңіз көрдіңіздер, 2 жыл шулап жүріп, 30 жыл бойы жасалмаған жолға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қаржы бөлген еді.”, — дейді ол.
Алайда “За Ра Гранд” ЖШС жол тендерін жеңіп алғанымен, техника жоқ болғандықтан жұмыстар тоқтап қалған. Қар жауғанда жол салуды бастаған компания сапасыз жұмыстар атқарып, жолды пайдалануға қауіпті жағдай туындап отыр.
Гүлнәр Сейітқызы жол сапасы мен қаржының дұрыс жұмсалмағанына наразылық білдіріп, елде осы мәселеге жанашырлықпен қарайтын азаматтардың жоқ екенін айтты.
“Облыстық әкімдік мені блоктап тастады. Сәлем айтыңыздаршы, ауылдастардан хабар болды. Қайран еңбек, қаржы бөлінген”, - дейді ол.
Алайда бұл Жетісу облысында жол құрылысы мәселесіне қатысты алғашқы дау емес. Egovpress телеграм арнасының хабарлауынша, Талдықорған қаласында да жол жұмыстарында технологиялық талаптар бұзылған.
“Облыс аумағындағы Ақсуат ауданының әкімі жеке тексеріс жүргізіп, жол жұмыстарында кемшіліктерді анықтаған және барлық жұмыс қайта жасалуы тиіс екенін талап еткен. Ал Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлының әрекеті әзірге белгісіз”, — деп жазды арна.
Ал дереккөз бөліскен видеожазбада желі қолданушыларының бірі жол сапасына қатысты нақты кемшіліктерді атап көрсеткен.
“Асфальтқа мастика мүлде қолданылмаған. Технология бұзылып жатыр, кейін асфальт қармен бірге еріп кетеді. Құжат бойынша жұмыстар қабылданады, бірақ нақты бақылау жоқ”, — дейді ол.
