Жетісу облысында Амал мерекесі тойланды

Ақтоты Жапатова 14 нау. 2025 14:17 220

Жетісу облысында Наурызнама онкүндігі бүгін Көрісу күні – «Амал» мерекесімен басталып, оған 1 мыңнан астам адам қатысты. Бұл ретте Талдықорғандағы Б.Римова театрының алаңында өткен іс-шараға 200-ге жуық адам қатысып, мерекеге жиналған қауымды облыс әкімінің атынан орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Өнер ордасы алдындағы алаң ұлттық нақышта безендіріліп, Талдықорған театрының әртістері театрландырылған көрініс ұсынды. Көрініс барысында өмірге келген сәбиге ат қою рәсімі атқарылып, адамдардың бір-бірін құрметтеу салты көпшілікке паш етілді. Атап айтқанда, үлкендердің құшақтасып көрісуі, келіннің сәлем салуы, ақсақалдың бата беруі, балаға ат қою сияқты дәстүрлер дәріптелді.    

Бұдан әрі мерекелік шара Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының  концерттік бағдарламасымен жалғасты.

"Бала кезімізде наурызда үлкендер жағы бір-бірімен қол алысып, «Жасың құтты болсын» деп құшақтасып жататын. Ауыл балалары үй-үйді аралап, үлкендердің берген тәттілерін қалтасына сыйғыза алмай, бала көңілмен марқайып, бір жасап қалатынбыз. Көрісу мерекесі негізінен еліміздің батыс облыстарында кең тараған. Осы күннің Наурыз мерекесінің бастауы ретінде қайтадан жанданып жатқанынан қуанамыз", - дейді Амал мерекесіне қатысқан ақсақалдардың бірі Серік Нұрхалық.

Осы күні облыстың барлық аудан-қалаларында мерекелік концерт, театрландырылған көріністер, кездесулер өтіп жатыр.

Еске салайық, Президенттің бастамасымен өткен жылдан бері 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі белгіленіп, оның әр күні өз атауына сай тақырыптарды дәріптейді. Онкүндіктің басы 14 наурыз - Көрісу күні, «Амал» мерекесі деп аталды. Бұл адамдардың бір-біріне деген құрметі артып, өкпе-реніштері кешіріліп, құшақтасып қауышатын күні.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар