Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде заманауи 50 ветеринарлық пункт пайда болды

Ақтоты Жапатова 29 сәу. 2025 10:34 192

Жетісу облысы құрылғанға дейін өңірде жаңа заман талабына сай салынған 5 ветеринарлық пункт болса, бүгінгі күні олардың саны 50-ге жетті, соның 49-ы – ветпункт, 1-еуі – ветстанция. Ал биыл тағы 17 ветпункт пен 3 ветстанция салу жоспарланып отыр. Сөйтіп, келесі жылы өңірде ветернинарлық пункттер жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешіледі,– деп хабарлайды Dalanews.kz

Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталған саланың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ветеринария қызметінің мамандарына жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар жасалды.

Атап айтқанда, облыс құрылғаннан бері 45 арнайы автокөлік, 217 компьютер, 238 планшет, және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Биыл тағы 22 арнайы техника сатып алынады. Оған қоса сала мамандарының жалақысы да өсті. Мәселен, орташа жалақы ветеринар дәрігерде - 327 мың теңге, фельдшерде – 206 мың теңге, санитарда – 208 мың теңге. 

Облыс аумағында бүгінгі күнгі 2,5 млн бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, олардың барлығы бірдейлендіріліп, компьютерлік дерекқорға енгізілді.

- Қазір ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорының «ISZH-Mobile» мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін ветеринар дәрігерлерге планшеттер сатып әперілді. Планшетпен жұмыс істеу біздің жұмысымызды біршама жеңілдетті әрі жеделдетті деуге болады. Үлкен шаруашылықтарды, жеке аулаларды аралау барысында атқарылған жұмыс, яғни малды тіркеу, профилактикалық іс-шаралар, екпе жасау бірден сол жерде планшет арқылы базаға енгізіледі, - дейді «Ветеринарлық пункттері бар Талдықорған қаласының ветеринарлық станциясының» ветеринар дәрігері, осы салада он үш жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Айгерім Бекбосынова.

Жалпы өңірде алдын ала шараларына, соның ішінде заманауи диагностикалық зерттеулерге, екпе жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының қолайсыз ошағының саны 12-ден 4-ке азайтылды. Сонымен қатар 26 көмінді ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендірілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар