Лариса Леонидовна қоғамдық жұмыстармен ең алғаш Алматы облысына қарасты Көксу ауданында қызмет етіп жүргенде бастаған еді. 2013 жылы ол «Харуат» деп аталатын балалар мәдени орталығын құрып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне бел буып, білек сыбана кіріскен болатын.
Осы ретте Лариса Котельникова Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облысы бойынша филиаланың да жұмысына белсене араласып, киелі Жетісу жеріндегі татулық пен береке-бірліктің дамуына бір кісідей еңбек сіңіріп келеді. Қоғам белсендісі айрандай ұйған ауыз бірлігіміз тамырын тереңге жіберген сайын Қазақ елі мәуелі бәйтерекке айналып, қандай бұрқасын боран тұрса да өзінің тұрақтылығын сақтап, қоғамдағы сын-қатерлерге төтеп беретінін жақсы түсінеді. Сол себепті ол еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын жоғары бағалайды. Бұл жайында Лариса Котельникова:

Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, Қазақстан қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту.
Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этномәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді, – деп айналасындағы ақ жүрек адамдарға Ассамблеяның қоғамдағы орнын түсіндіруден еш уақытта жалыққан емес.

– Қазіргі таңда қоғамның белсенділігінің арқасында еліміз дамып, Қазақстанда ұлтаралық келісім күн өткен сайын нығайып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кіріскен күнінен бастап, халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға күш салатынын айтты. Жоғарыға халықтың үнін, қордаланған мәселесін жеткізуде қоғамдық ұйымдардың алатын орыны ерекше. Мен өзімнің 20 жылдық жұмыс тәжірибем барысында талай рет көз жеткіздім. Сондықтан Президентіміздің әр салада қоғамдық бақылау ұйымдастырып, ел азаматтарын қоғам мен мемлекет алдында жауапкершілігін арттыруға үндеуі өте орынды деп есептеймін. Қазіргі таңда елімізде жергілікті және республикалық бюджеттің жұмсалуын бақылайтын қоғамдық ұйымдар мен қоғамдық кеңестер жұмыс істеп жатыр. Осылайша, елімізде күн өткен сайын азаматтық қоғам қанат жайып келеді деп нық сеніммен айта аламын. Бүгінде елімізде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін құқықтық-ұйымдастырушылық жұмыстары да дамып келеді. Пандемия кезінде бұған көзіміз анық жетті. Індетті еңсеру кезінде қайырымдылық көмектердің халықтың әлсіз топтарына әділ таратылуына және емханаларға таратылған дәрі-дәрмектердің дұрыс бөлінуіне қоғамдық бақылау дұрыс жүргізілді деп есептеймін, – деп қоғам белсендісі ойын ортаға салған болатын.

Қараша айының соңында атқарылған жұмыстар сараланып, жобаға белсене қатысқан оқушылар мен еріктілер марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Айталық, «ДОС.kz» еріктілер орталығының ұйытқы болуымен өткен «Birgemiz Bilim» жобасына белсенді түрде қатысып, білімін жетілдірген ауыл мектептеріндегі 8 сыныпта оқиытын 8 оқушы смартфонға ие болды. Сондай-ақ, өзге оқушыларға рюкзак пен құлаққаптар сыйға тартылған.
Бұдан басқа, «Birgemiz Bilim» жобасының жоғары деңгейде ұйымдастырылу ісіне атсалысқан 10 ерікті 50 000 теңгенің сертификатына қол жеткізді.
Сонымен қатар жоба барысында үздік оқу бағдарламасы ретінде танылған үш жобаның иесіне 120 000 теңгенің сертификаты тапсырылғанын айта кетуіміз керек.
Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2020 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылы деп жариялап, ел аумағында бұл бағытта көптеген жұмыстардың атқарылуына мұрындық болды. Осы ретте Алматы облысы бойынша волонтерлік істің мәні мен мазмұнын жалпы халыққа түсіндіруде Лариса Леонидқызы сынды қоғам белсенділері аянып қалмады. Пандемия кезінде ауыл жастарының білім деңгейін төмендетпей, олардың ҰБТ-ны сәтті тапсырып, жоғары оқу орындарына түсуіне барынша септескенін үлкен азаматтық іс деп атап айтуға болады. Осылайша, Алматы облысындағы еріктілердің жұмысын жандандыру ісі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Лариса Леонидқызы бастаған жетісулық еріктілер халықтың алғысына ие болды деп нық сеніммен айтуға болады.
Президент Еріктілер жылын жариялағанда елімізде бұл бағыттағы жұмыстардың күн сайын маңызы артып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып жатқанын айтқан болатын. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен еліміздің әрбір өңіріне ерікті болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шараларды қабылдайды. Біз оған зор мән береміз. Алайда Еріктілер жылы кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек» деп жыл басында ойын ортаға салып, республика аумағында еріктілердің фронт-офистерінің ашылуына мұрындық болған еді. Сондықтан Лариса Котельникова елімізде қолға алынған еріктілердің ісі жастардың арасында патриоттық сезімінің артуына және қоғам алдында азаматтық жауапкершілігінің артуына барынша ықпал еткенін алға тартты.
Алматы облысындағы «ДОС.kz» еріктілер орталығы 17 аудан мен үш қалада еріктілер ісін насихаттап, ерікті болуға 1200 жасты тартқан. Қазіргі таңда орталықтың арнайы ен-таңбасы мен арнайы қосымшасы бар. Осылайша, Алматы облысында еріктілердің жұмысын жандандыру ісі өзге облыстармен салыстырғанда оқ бойы озық келеді. «ДОС.kz» еріктілер орталығы мүше еріктілер әр топқа бөлінген, олар қоғамда пайда болған мәселелер бойынша ерікті түрде жұмыс істеп, халыққа пайдасын тигізуде. Айталық, еріктілердің бір тобы мектеп оқушыларының білімін көтеруге маманданса, келесі тобы қайырымдылық іс-шараларына белсене араласуға бейімделген. Осылайша, танымал қоғам белсендісі Лариса Котельникованың арқасында Алматы облысында еріктілердің әрекет ету альгоритімі қалыптасты деп айтуға болады.

Бүгінде жетісулық қоғам белсендісі «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасын Көксу ауданында жүзеге асыруға өмірлік тәжірибесін жұмсап келеді. Қоғам белсендісі бұл істі қолға алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Аналар кеңесінде ұзақ жылдардан бері жұмыс істеген тәжірибесі көп пайдасын тигізгенін айта кетуіміз керек. Лариса Котельникова ханым Көксу ауданындағы психолог мамандардың басын қосып, отбасылық кеңес беру орталығын ұйымдастыруда. Осылайша, ол туған жерінде отбасы құндылығын насихаттап, жас отбасылардың қатарға қосылып кетуіне көмек көрсетіп келеді. Бұдан басқа ауданда ата-аналар комитетінің негізін қалап, жас ұрпақтың тәрбиесіне де баса мән беріп отырғанын айта кетуіміз керек.
Нұрлан Жұмахан