Жетісайда шаылған жаңа спорт алаңшасы – бұқаралық спорттың дамуына серпін береді

Жарбол Кентұлы 12 қыр. 2024 07:28 1863

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдайтын жыл сайынғы Жолдауында өңірлер мен елді мекендерде бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу жайындағы бастамасын жүзеге асыруды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан Жетісай ауданында тағы бір спорт алаңшасы қолданысқа берілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарақай ауылдық округінде пайдалануға берілген спорт алаңшасының салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен ауыл ақсақалдары, спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысты. Ел ағалары ауыл балаларын зиянды әдеттерден бойларын алыс ұстап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене шынықтырумен шұғылдануға шақырды.

Жергілікті бюджеттен қаралған 20 млн 193 мың теңгеге салынған спорт нысанының құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 11 айда ел игілігіне тапсырылып отыр. Мұнда ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді пайдаланып, футболдан түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған.

Ауыл ақсақалдары мен спорт ардагерлерінің батасымен лентасы қиылған алаңшада алғашқы жарыс 2010 – 2011 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» ұранымен өтіп, 5 команда қатысты.

Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыу және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен біріншілікте М.Байзақов жалпы орта мектебінің оқушыларынан құрылған «Жетісай спорт клубы» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, М.Мәметова мектебінің теңбіл доп шеберлері ІІ орынға табан тіреді. Ал І орынды қанжығасына байлаған «Жетісай спорт клубы» құрамасы біріншіліктің жеңімпазы атанды.

Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Биылғы жылы жеке инвесторлар мен бюджет есебінен салынуы жоспарланған 13 спорт нысанының 3-і пайдалануға берілсе, 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар