Автокөлік өндіруші GAC бренді Қазақстандағы дамуында жаңа кезеңге қадам басты. Брендтің ресми дистрибьюторы ретінде Allur автомобиль компаниясы тағайындалып, Қостанайдағы өз зауытында GAC автокөліктерін құрастыруды бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгінде кәсіпорында GS4 Max, GS8, S7, M8, Empow және GS3 модельдері шығарылады. Ал GAC S7 – брендтің Қазақстанда құрастырылған алғашқы гибридті моделі. Бұл көлік электромобильдің заманауи технологияларын дәстүрлі автокөліктің ұзақ сапарларға қолайлылығымен ұштастырады.

70 жылдан астам тарихы бар бренд
GAC бренді әлемдік нарықта 70 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Компания Toyota және Honda секілді жетекші автоконцерндермен ынтымақтастық барысында жинақтаған инженерлік тәжірибесін өзінің инженерлік мектебін қалыптастыруға негіз еткен.
Қазіргі таңда GAC автомобильдерінде әлемдік өндірушілердің озық технологиялары қолданылады. Олардың қатарында Aisin автоматты беріліс қорабы, BorgWarner Haldex толық жетек жүйесі, сондай-ақ Bosch, Denso және Huawei компанияларының электрондық компоненттері бар.
Дәстүрлі таныстырылымның орнына – тест-драйв
Жаңа модельдің жабық форматтағы таныстырылымы Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағасында өтті. Дәстүрлі презентацияның орнына ұйымдастырушылар журналистерге көлікті бірден сынақтан өткізуге мүмкіндік берді.
Ол үшін тік өрлер мен еңістер, диагональ бойынша еңкейетін учаскелер, бос топырақты жолдар және жасанды кедергілерден тұратын арнайы сынақ трассасы әзірленді. Мұндай маршрут толық жетек жүйесінің мүмкіндігін, аспаның жұмысын және көліктің асфальттан тыс жердегі жүріс-тұрысын жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Бұл формат кәдімгі қала ішіндегі тест-драйвқа қарағанда әлдеқайда тиімді болып шықты. Себебі түрлі жол жағдайында көліктің мінез-құлқын толық сезінуге жағдай жасалды.

Ымырасыз тізбекті гибрид
GAC S7 моделінің басты ерекшелігі – тізбекті гибридті күштік қондырғысы. Көптеген гибридтерден айырмашылығы, бұл көлікте бензин қозғалтқышы доңғалақты тікелей қозғалысқа келтірмейді. Оның негізгі міндеті – ықшам электр станциясы секілді жұмыс істеп, электр энергиясын өндіріп, қозғалыс кезінде тартқыш аккумуляторды қуаттау.
Ал көлікті толықтай электр қозғалтқыштары жүргізеді.
Мұндай шешім электромобильге тән тыныш әрі бірқалыпты жүрісті, лезде үдеу мүмкіндігін сақтай отырып, зарядтау инфрақұрылымына тәуелді болмай ұзақ жол жүруге мүмкіндік береді.
Толық жетек жүйесі (AWD) автомобильдің барлық мүмкіндігін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Ал сағатына 100 шақырым жылдамдыққа дейін небәрі 6,1 секундта үдейді.
Энергия көзі ретінде сыйымдылығы 36,3 кВт/сағ болатын Magazine 2.0 литий-темір-фосфат аккумуляторы пайдаланылады. Бұл батарея жоғары температураға төзімділігімен және көпсатылы қорғаныс жүйесімен ерекшеленеді.
Тек электр қуатымен кроссовер 153 шақырымға дейін жүре алады. Ал толық жүріс қоры 781 шақырымға жетеді.
Жылдам қуаттау жүйесі аккумуляторды 30 пайыздан 80 пайызға дейін шамамен 18 минутта толықтыра алады.
Тіпті аккумулятор толық таусылған жағдайда да гибрид үнемділігін сақтайды. Өндірушінің мәліметінше, орташа жанармай шығыны 100 шақырымға шамамен 7 литрді құрайды.

Бизнес-класс деңгейіндегі жайлылық
Спорттық сипаттамаларына қарамастан, GAC S7 ең алдымен жүргізуші мен жолаушылардың жайлылығына бағытталған.
Бастапқы жабдықталымның өзінде көлік панорамалық шатырмен, қосымша дыбыс оқшаулау жүйесімен және Nappa былғарысымен қапталған салонмен жабдықталған.
Алдыңғы және артқы орындықтар жылыту, желдету және массаж функцияларына ие. Кең екінші қатар алыс сапарларда да жоғары деңгейдегі жайлылық ұсынады.
Орындық арқалықтарының еңкею бұрышын реттеуге болады. Ал ең жоғарғы ULTRA нұсқасында алдыңғы жолаушыға арналған арнайы оттоман қарастырылған.
Модельдің тағы бір артықшылығы – кең жүксалғыш. Оның көлемі 720 литрді, ал артқы орындықтар жиналған кезде 2050 литрге дейін жетеді.

Ақылды жарықтандыру жүйесі
GAC S7 экстерьеріндегі ең көзге түсетін ерекшеліктердің бірі – көлікке ерекше келбет беретін фирмалық Skyline жарық жолағы.
ULTRA нұсқасында интеллектуалды LED-оптика орнатылған. Ол жасанды интеллект басқаратын 2248 тәуелсіз жарықдиодтан тұрады. Жүйе көліктің қозғалыс жылдамдығына, жол жағдайына және ауа райына қарай жарық ағынын автоматты түрде реттеп, түрлі жарық сценарийлерін қолдайды.
Заманауи технологиялар мен қауіпсіздік
Көліктің цифрлық экожүйесінің негізін 15,6 дюймдік мультимедиялық дисплей құрайды. Ол Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін қолдайды.
Сонымен қатар автомобиль цифрлық аспаптар панелімен, 21 динамиктен тұратын аудиожүйемен, қуаты 50 Вт болатын сымсыз қуаттау құрылғысымен және заманауи байланыс интерфейстерінің толық жиынтығымен жабдықталған.
GAC S7 жүргізушіге арналған интеллектуалды көмекші жүйелердің кешенімен және белсенді қауіпсіздіктің заманауи технологияларымен жабдықталған. Бұл жүйелер қала ішінде де, тас жолда да жүргізушінің сенімділігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жабдықталымдары мен бағасы
Қазақстанда отандық құрастырылымдағы GAC S7 екі түрлі жабдықталымда ұсынылады.
MAX нұсқасының бағасы 19 490 000 теңге. Бұл жинаққа панорамалық шатыр, автоматты жарықдиодты оптика, премиум деңгейдегі салон әрлеуі және жайлылыққа арналған көптеген жүйелер кіреді.
Ал ULTRA нұсқасы 21 490 000 теңге тұрады. Бұл жабдықталым интеллектуалды матрицалық LED-оптикамен, есіктердің электр жетегі және автоматты жабылу жүйесімен, жасанды күдерімен қапталған төбе әрлеуімен, сондай-ақ қосымша премиум жабдықтармен ерекшеленеді.
Сатып алушылар шанақтың алты түрлі түсін таңдай алады:
- Crystal White;
- Green Jungle;
- Black;
- Obsidian Black;
- Gray;
- White/Black (екі түсті нұсқа).
Ал салон үш түрлі түсте ұсынылады:
- Black-Brown;
- Brown-Beige;
- Black-Gray.
Өндіруші жоғары вольтты аккумуляторға 8 жыл кепілдік береді. Бұл компанияның гибридтік технологиясының сенімділігіне деген жоғары сенімін көрсетеді.