Францияның Ұлттық жиналысы ұзақ жылдарға созылған пікірталастан кейін ауыр науқастарға өмірден ерікті түрде кетуге көмектесуді көздейтін заңды қабылдады. Құжатта мұндай көмекке жүгіну тәртібі қатаң талаптармен шектелген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасын француз парламентінің төменгі палатасындағы 291 депутат қолдаса, 241 депутат қарсы дауыс берген. Бұған дейін құжатты парламенттің жоғарғы палатасы - Сенат үш рет кері қайтарған.
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню заңның жекелеген баптарын Конституциялық кеңестің қарауына жібермек. Құжат кеңестің мақұлдауынан өткеннен кейін ғана күшіне енеді.
Жаңа заңға сәйкес, ауруы асқынып, соңғы сатыға жеткен, емделмейтін дертке шалдыққан кәмелетке толған Франция азаматтары эвтаназия жасау туралы өтініш бере алады. Сонымен қатар науқастың жағдайы тұрақты әрі адам төзгісіз физикалық немесе психологиялық азапқа әкелуі тиіс.
Науқас дәрігерлерге өмірін тоқтату туралы шешімін өз еркімен білдіреді. Мамандар оның өтінішін жан-жақты қарап, кеңес өткізгеннен кейін 15 күн ішінде шешім қабылдауға міндетті.
Өтініш мақұлданған жағдайда науқасқа шешімін қайта таразылау үшін қосымша екі күн беріледі. Осыдан кейін ол өлімге әкелетін дәріні өзіне өзі енгізуі керек.
Егер науқастың физикалық жағдайы мұны өздігінен жасауға мүмкіндік бермесе, инъекцияны дәрігер немесе медбике салады.
Процедура өтетін күні науқастың түпкілікті шешімін оның емдеуші дәрігері растауға тиіс.