Қос мейрамға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, жемістер перамидасын тамашалап, сүт, нан өнімдері және ауылдық округтердің ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесін аралап көрді. "Алтын күз - 2018" мерекесі барысында «Бұқа», «Ләңгі», «Айыр ағашпен дәлдеу», «Көңілді старт» сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қонақтар бауырсақтан жасалған пирамидадан дәм татты.
"Жетісайлықтардың биылғы тойы жылдағыдан ерекше. Түркістан облысы, оның ішінде Жетісай ауданы негізінен ауылшаруашылық бағытындағы салалардың барлығын қатар алып келе жатқан, соның арқасында дамып, тіршілігінің берекесін келтіріп отырған аймақ. Сондықтан аграрлық сектордағы жетістіктерімізді барша облыс еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп бағалаймыз. Ауданның табиғаты бақша өнімдерін дамытуға өте қолайлы. Жалпы биыл Жетісай ауданында 839 гектарға қырыққабат егілсе, одан 30701,2 тонна өнім алынған. Оның 80 пайызы шетелге экспортталған", - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 78 мың гектарды құрайды. Соның биыл 48 262 гектарына ақ алтын дәні себілсе, аудан тауарөндірушілері осы жылы мақтаның әр гектарынан 25,2 центнерден өнім жинап, облыста ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.
Ауданда осы жылы 15019,2 гектарға бақша өнімдері отырғызылған. Ал, одан алынған өнімнің жалпы көлемі 426159 тоннаға жетті. Мәселен, 8621,7 гектарға қауын, 6397 гектарға қарбыз егілсе, оның 30 пайызы шетелге экспортталды. Бұл да болса, үлкен көрсеткіш.Бұдан бөлек, Жетісай өлкесінде майлы дақылдар, көкөністер толығымен жиналып алынды.