Жетісай драма театрының 50 жылдығы тойланды

Dalanews 28 сәу. 2019 16:00 1240

Биыл Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған байланысты мерекелік шара ұйымдастырылып, Құрманбек Жандарбековтің бьюсті ашылды.

Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев және аталған театрдың ардагер әртістері мен Құрманбек Жандарбековтің ағайын-туыстары қатысты.

Шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев театр ұжымын атаулы мерекемен құттықтады.

«Театрдың тарихында Құрманбек Жандарбековтің есімі алтын әріптермен жазылады. Алғашқы күндерден бастап-ақ бағыт-бағдар беріп, актерлерге ұстаз болған, ұлы актердің көркем мұрасы біздерге рухани азық. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының - ел руханиятына сіңіріп жатқан үлесі орасан. 50 жылда қара шаңырақта түрлі қойылымдар қойылып, елге танымал сахна саңлақтары осы ордадан түлеп ұшты. Жетісай театрының тарихы мен мәдени мұрасы ауданның, облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның өнер шежіресіне айналып келеді», – деді олыс әкімінің орынбасары.

Қазақ өнерінің қарашаңырақтарының бірі – Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жарты ғасырлық тарихында талай белестерді бағындырып, көптеген кезеңдерді тарих қойнауына қалдырды. Бұл театрдың киелі сахнасында қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлес қосқан талай сахна майталмандары еңбек етті. Бүгінде театр ұжымы сол кезеңдердегі абыздардың ізін жалғап, театр өнеріне адал қызмет етіп келеді.

Театр ұжымы 50 жылдық тарихында еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, алыс-жақын шетелдерде өткен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болған.



 

 

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар