Жетібайда қарапайым мұнайшылар өз жалақыларынан жырып, балаларға «Табиғат» бөлмесі ашып берді

Dalanews 16 нау. 2021 18:36 1207

Маңғыстау облысына қарасты Жетібай ауылының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығында «Табиғат» бөлмесі ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа бөлме табиғат көріністерінен тұрады. Оның ішінде су бұрқағы орнатылған, балаларға арналған әткеншек пен орындықтар қойылған. Ерекше қажеттілігі бар ем алатын балалар құстардың дауысын, судың сылдырын естіп, табиғат аясында жүргендей әсер алады.

Жаңа бөлме «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік мекемесінің мұнайшыларының демеушілігімен ашылғанын айта кетуіміз керек.



Балалардың болашағы үшін мұнайшылар «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір күндік жалақыларын аударып, жаңа бөлмені керек-жарақтармен жабдықтауға атсалысқан. Арнайы кабинеттегі дүниелерді мұнайшылардың өздері жасаған.


Жетібай ауылының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығында бүгінгі таңда ем алып жатқан 70 бала бар. Әр балаға психолог, сурдопедагог, дефектолог мамандары қарастырылған және емдік-денешынықтыру бөлмесімен қамтылған.

Ем-шаралар екі ауысымда жүргізіледі. Тірек-қимылы әлсіз балаларға емдік массаж жасалып, арнайы құрал-жабдықтармен бүлдіршіндердің бұлшық еттерін ояту шарасы жасалады.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар