Жер комиссиясының жұмысы ел көңілінен шықпағанына Мұхтарлар кінәлі емес

Dalanews 09 там. 2016 10:47 937

Жер комиссиясының жұмысы ел көңілінен шықпаса, оған Мұхтарлар кінәлі емес. Заңгер, қоғамдық белсенді Мақсат Ілиясұлы Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысына орай осындай пікірде. 

«Жер реформасы жөніндегі үкіметтік комиссиясының әрбір жиналысында Мұхтар Шаханов, Дос Көшім, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Жанұзақ Әкім тағы басқа белді де беделді азаматтар айтудай-ақ айтты, жазды, талап етті. Сол үшін де үлкен ризашылығымды білдіремін», - деп жазады Мақсат Ілиясұлы өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында.

Оның ойынша Жер комиссиясы халық күткендей нәтиже көрсете алмаған.

«Алайда, зор өкінішке қарай жер комиссиясының жұмысы көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Ол рас. Оның басты және негізгі себебі биліктің жерді сату ниетінен бас тартпауында жатса керек. Кейбір азаматтар мені комиссиядан шығып кеткенім үшін кінәлап жатыр. Ия, Мұхтар Тайжан, Мұхтар Шаханов, Дос Көшім басқа да азаматтар комиссияда қалуды таңдады, ол үшін оларға еш ренжудің қажеті жоқ. Таңдау жасауға әркім ерікті. Ал біз, Макс Бокаев, Зәуреш Батталова, Мен митингіні таңдадық. Егер біз комиссия құрамында отыра берсек митингінің өтуіне кедергі жасайтын болдық. Дәл 21 мамыр күні комиссияның кезекті жиналысы болды. Соған орай біз өз таңдауымызды жасадық және оған еш өкінген жоқпыз», - дейді М. Ілиясұлы.

«Енді міне сол митингіден де, комиссиядан да елге, жерге пайда аздау болып тұрған сияқты. Себебі, басты мақсатымызға, яғни жерді ешкімге сатқызбауға, шетелдіктерге жалға да бергізбеуге қол жеткізе алмайтын сияқтымыз. Себебі, осы аптаның сенбісінде жер комиссиясының соңғы жиналысы өтеді деген де сыбыс бар. Ал, негізгі мәселе, жерді ешкімге сатқызбауды, шетелдіктерге жалға да бергізбеуді қамтамасыз ететін заң жобасы жасалған жоқ, жер иелерінің аты-жөні жарияланған жоқ, жердің қаншасы жеке меншікте, қаншасы сатылған, олардың бәрі кімдердің қолында, бәрі-бәрі белгісіз сол баяғы қалпында қалып барады», - деген ол алдағы уақытта да комиссия жұмысының қандай нәтиже көрсететініне қарамастан белсенділердің бірлікте болуы керек деп санайды.

«Сондықтан, комиссия жұмысын тоқтатқаннан кейін де халық қалаған, талап еткен заң қабылданып, жер дауы шешілмесе, не болса да, қандай жағдай болса да бірге болайық. Жерді қорғап қалудың, сақтап қалудың жаңа жолдарын бірге қарастырайық. Бәлкім ол митинг болар, бәлкім басқаша болар, бірақ қайткен күнде де жерді сақтау үшін бірігуіміз керек. Менің жазған пікірлерім, ойларым Мұхтар Тайжанның жеке басына қатысты емес. Оның жеке басын, азаматтығын зор құрметтеймін, сыйлаймын. Әрі құрдас, әлі дос Мұхтарға айтпағанда кімге айтылады сын пікірлер. Ал жұртшылық оны жер жанашырларының өзара пікір алысуы, ақылдасуы, тіпті шер тарқатуы деп түсінсін дегім келеді», - деп жазады М. Ілиясұлы.

Дереккөз: «Қамшы» 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар