Бүгінгі отырыстың ықшам түрде өткенін еркеше атап өткен жөн. Комиссия мүшелері бұған дейін айтылған мәселелерді қайта қозғамай, нақты ұсыныстарды айтуға бірауыздан келісті. Ол үшін күн тәртібі бектіліп, бір-ақ мәселе - қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі талқыға салынды. Ал шетелдіктерге жерді жалға беру және қазақстандықтарға жерді жеке меншікке сату мәселесі кейінге шегерілді. Комиссия төрағасы Асқар Мырзахметовтың айтуынша, аталған екі мәселе бойынша мараторий жарияланған. Оған қоса, барлық өңірлерді аралап, халықтың пікірін біліп алған дұрыс. Сонда ғана нақты шешімді шығаруға болады. Ал қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі анық. Сондықтан оны комиссияның бүгінгі отырысына шығару туралы шешім шығарылды. Комиссия мүшелері аталған мәселені үш сағаттың ішінде талқылап шықты.
Комиссия төрағасы отырысты қорытындылап жатқанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Серікбай Әлібаев қайта-қайта сөз сұрады. Отырыстың басында оған сөздің берілгене қарамастан ол тұтас бір баяндама жасаймын деп шықты. А.Мырзахметов оның комиссия жұмысына жаңадан қосылып жатқанын, ол айтқан мәселелердің бәрі бұған дейін өткен отырыстарда көтерілгенін жеткізсе де, С.Әлібаев бой бермеді. Тіпті, комиссияның кейбір мүшелеріне шүйлігіп, депутаттармен сөзге де келіп қалды.
Отырыс соңында тағы сөз алған С.Әлібаевты депутат Бақытбек Смағұл тоқтатып:
– Серікбай аға, тыңдаңызшы.
– Аға? кім ол?
– Бұл мен – Бақытбек Смағұл. Сізді біз бағанадан бері тыңдап отырмыз. Біресе комиссия жақсы жұмыс істеп жатыр дейсіз, біресе комиссия түкке керек емес дейсіз. Сіз жазбаша бір ұсыныс берсеңізші?
– Әй, сіз тыңдаңыз!
– Мен «әй» емеспін. Сіз депутат болған кезде біз тыңдадық. Енді, сіз тыңдаңыз!
– Мен өзім білемін, қалқам. Маған бөгет жасама, отыр! Депутаттық Парламентте отырсың, сонда отырып, сонда сөйле! Сонда талқыла!
– Сіз мына жақта отырған басқа да адамдармен санасыңыз, бағана кірген бойдан осыны қайта-қайта айтып отырсыз. Ол мәселе талай рет талқыланып кеткен, сіз сияқты адамдармен.
– Мені жындандырмаңыз! – деп жекіп тастады С.Әлібаев.
– Ұнамаса, басқа жерге барыңыз!
– Сіз кімсіз, мен де осы комиссияның мүшесімін!
– Онда нақты ұсынысыңызды айтыңыз! – деген Б.Смағұлға комиссия төрағасы басу айтып, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Серікбай Әлібаевты толығымен тыңдап шығуды ұйғарды.
Шыны керек, экс-депутат Әлібаев қолданыстағы заңды түсіндіріп, жер саласындағы жемқорлыққа қатысты жалпы ақпараттан басқа ешқандай ұсыныс жасай алмады. Осыдан кйеін комиссия төрағасы оған өз кеңесін берді.
«Сіз тоқетерін айтыңыз. Егер осы күнге дейін болған отырыстарға сіздің партияңыздың бірде-бір өкілі қатыспаса, онда кінә өзіңізден. Сізге қатысуға құқық бердік қой. Неге келіп қатыспадыңыз? Сіз айтып отырған мәселелердің бәрі талқыланды», – деді А.Мырзахметов.