Павлодарда Жеңіс күні қарсаңында орын алған бұл оқиға көпшіліктің наразылығын тудырды. Төрт жасөспірім қыз Отан үшін жанын қиған боздақтарға арналған Даңқ ескерткіші мен Мәңгілік алау жанында ашық қимыл-қозғалыстармен би билеп, оны бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот бұл әрекетті қоғамға қарсы және әдепке жат қылық деп танып, "ұсақ бұзақылық" ретінде бағалады.
Жасөспірімдердің тәрбиесі үшін жауапты ретінде, әр қыздың ата-анасына бала тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қатысушылардың ішінде жасы 16-ға толған екі қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда, сот олардың нақты қандай жазаға кесілгенін хабарламады.
Ал 16 жасқа толмаған екі қыздың ата-анасына, жоғарыдағы айыппұлдан бөлек, әрқайсысына 19 267 теңгеден тағы айыппұл салынды.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда Жеңіс саябағында әдепсіз би билегендерге сот шешімі шыққанын жазған едік.
Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2008 жылғы Ж. мен 2009 жылғы И.-ге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады.
"2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған Ж. мен И. Павлодар қаласындағы Даңқ алаңына барып, Даңқ Обелискі мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз билермен бейнеролик түсіріп, осылайша Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 434-бабының 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылықты жасаған", - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот отырысы барысында екі қыз кінәсін толық мойындаған.
Ж. саябаққа хореографтың шақыруымен әрі басқа қыздармен бірге Жеңіс күніне арналған бейнеролик түсіру үшін келгенін айтты. Оның сөзінше, TikTok желісінен көрген трендтен кейін осындай би түсіру идеясы келген. Түсірілген бейнеролик Instagram желісіндегі жабық парақшаға "Саябақты қорлаймыз" деген орынсыз жазумен жарияланған. И. да осыған ұқсас түсініктеме берген.