Желтоқсаннан бастап қытайлық теміржолшылар Қазақстанда тұрып, жұмыс істей алады

Көркем Алдабергенова 14 қар. 2025 10:28

Желтоқсаннан бастап қытайлық теміржолшылар Қазақстанда тұрып, жұмыс істей алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы теміржол станцияларында вахталық қызметкерлерді бір-бірінің аумағында орналастыруға келісті. Бұл келісім «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ) мен Қытай темір жолдары арасында жасалды.

Келісім туралы ақпаратты бұған дейін ҚТЖ-ның баспасөз қызметі хабарлаған. Онда бұл шешім Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара өткелдерінің жұмыс тиімділігін арттыру үшін қабылданғаны атап өтілген.

«Достық және Алтынкөл станцияларында ҚХР-дың вахталық қызметкерлерін орналастыруға арналған ғимараттарды жөндеу және жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қытай мамандарының қауіпсіз жұмыс істеуі мен жайлы тұруы үшін барлық жағдай жасалды», – деп мәлімдеді ҚТЖ.

Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, келісімдерді іске асыру қазіргі шектеулерді жоюға, әкімшілік рәсімдерден өтуді тездетуге, шекара станцияларының өткізу қабілетін арттыруға, жүк құжаттарын өңдеу уақытын қысқартуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

ҚТЖ сонымен қатар екі елдің вахталық қызметкерлерінің көршілес станцияларға келуі 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланғанын нақтылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар