Желтоқсан айында Қазақстанда миллиардтаған теңге көлеміндегі қаражатты қамтыған бірқатар ірі қаржылық қылмыстар әшкереленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Finnews.kz деректеріне сүйенсек, бір ай ішінде анықталған кейбір істер бойынша шығын көлемі жүздеген миллиард теңгеге жеткен.
Онлайн-казино арқылы трансшекаралық аударымдар
Тергеу барысында 600 млрд теңгеден астам қаражаттың заңсыз онлайн-казино пайдасына аударылғаны анықталды. Құқық қорғау органдары «дроп» желісін әшкерелеп, ақша банк шоттары мен «криптокошелектер» арқылы елден шығарылғанын хабарлады.
«Qyran» тұрғын үй кешені (Астана)
Бұл іс бойынша 7,9 млрд теңгеден астам қаражаттың заңсыз тартылғаны белгілі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, азаматтарға баспана «нарықтан төмен бағамен» ұсынылғанымен, келісімдер меншік құқығын бермейтін брондау және задаток түрінде рәсімделген.
Әлеуметтік тұрғын үй саласындағы схема
Астанада әлеуметтік тұрғын үйге қатысты іс бойынша 2,3 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемдену фактілері анықталған. Схема жалған құжаттарды пайдалану арқылы жүзеге асқан. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр.
Dala SK Construction / Irtysh Riverside жобасы
Аталған құрылыс жобасы аясында 1 млрд теңгеден астам үлескер қаражаты заңсыз тартылған. Тергеу материалдарына сәйкес, ақша тиісті құжаттарсыз жиналған. Іс бойынша ұйымдастырушы қамауға алынған.
Көше жарығын жаңарту (Өскемен, Семей)
Өскемен мен Семей қалаларында көше жарығын жаңарту жобасы кезінде 320 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Тергеу деректеріне сәйкес, жабдықтар мен орындалған жұмыстардың құны қолдан өсірілген. Үш күдіктіге қатысты 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
Медициналық жабдықтарды сатып алу
Медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде 115 млн теңге көлеміндегі қаржыны жымқыру фактісі тіркелген. Сатып алуларды жасанды түрде бөлшектеу және аффилирленген компаниялар арқылы бағаны көтеру фактілері анықталған. Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылған.
