Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов комитет отырысында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының кештерге жалға беріліп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бұл – Алматыдағы басты мәдени ошақтардың бірі. Алайда оның кіреберісі кешкі уақытта корпоративтік кештерге жалға беріліп жүр. Бұл қандай заңға негізделген? Келісімшарттар кіммен және қалай жасалады? Театр түнгі сағат 3-ке дейін жеке іс-шаралар өткізуге не себепті рұқсат беріп отыр?", – деп сұрады Зайытов.
Депутат бұл мәлімдемесін дәлелдейтін фото және видео материалдары бар екенін айтты. Сонымен қатар ол елдегі театр жүйесін реттеу, қаржыландыру, кадр мәселесін шешу және өнер ордаларын халыққа қолжетімді ету қажеттігін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Ринат Зайытов мемлекеттік емес нысандарда тек латын қарпін қолдануды ұсынған еді.
Оның айтуынша, республикалық маңызы бар қалалар – шетелдік туристер көптеп келетін орталықтар. Дегенмен қазір көшедегі маңдайша жазулар үш түрлі әліпбиде беріледі.
"Қазір минимализм заманы. Кириллицаны екінің бірі түсініп жатқан жоқ. Сондықтан кем дегенде мемлекеттік емес мекемелердің маңдайша жазуларын дизайн кодқа сәйкес тек латын әліпбиімен рәсімдеуге рұқсат беру керек. Осы мәселеге Үкімет қандай көзқарас білдіреді?" – деп сұрады депутат Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннен.
Сонымен қатар депутат Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне дауыстық жарнамаға қатысты ұсынылып жатқан шектеулер туралы сауал жолдады.
"Сіздер дауыстық жарнаманы тоқтатамыз деп жатырсыздар. Бұл қалай жүзеге аспақ? Мысалы, "Алтын орда" базарында Мұқағалидің өлеңдерін оқып, кітап сататын ағамыз бар. Оны көру үшін арнайы баратын адамдар бар. Ол неге жазықты? Немесе Астанада Шәмшінің әндерін шырқайтын бір апамыз бар. Алатау театрының 'Қазақша терапия' ұжымы бар. Олардың қымбат билбордтарға жарнама жасауға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан домбыраларын алып, метроның ішінде ән шырқап, өнерлерін паш етеді.
Бұл жарнаманың ерекше әрі әдемі түрі. Енді олардың бәріне айыппұл саласыздар ма? Олардың жағдайы не болмақ?" – деді Зайытов.
Ринат Зайытов: Абай атындағы театр ғимараты кештерге жалға беріліп жүр