“Жеке дәулеті 1–2 миллиард доллар”. Назарбаев әлемдегі ең бай 10 көшбасшының қатарына енді

Қаракөз Амантай 24 шіл. 2025 16:47

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең дәулетті 10 көшбасшының қатарына енді. Бұл туралы Brandvm.com ұсынған сараптамалық материалда айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Forbes мәліметінше, Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаевтың жеке дәулеті 1–2 миллиард доллар көлемінде деп бағаланған. Оның табысы негізінен отбасы мүшелерінің банк секторындағы үлестері, жылжымайтын мүлік және энергетикалық активтермен тығыз байланысты деп көрсетіледі. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік кәсіпорындарды бақылауы және отбасылық бизнесінің дамуы Назарбаевтың қаржылай қуатын нығайтуға жол ашқан.

"Қазақстанды Кеңес одағынан кейін мұнайға бай мемлекетке айналдырған Назарбаевтың ұзақ жылғы билігі оның қаржылай және саяси ықпалын күшейтуге тікелей әсер етті. Отбасының банктік жүйе мен энергетика салаларындағы белсенділігі оның байлығының негізгі көзі саналады", — делінген зерттеуде.

Назарбаев тізімде Ресей президенті Владимир Путин (200 млрд долларға дейін), Бруней сұлтаны Хассанал Болкиах (50 млрд доллар), БАӘ премьер-министрі әрі Дубай билеушісі шейх Мұхаммед ибн Рашид Әл Мактум (20 млрд доллар) сияқты әлемдік деңгейдегі ірі саясаткерлермен бірге аталады.

Сарапшылардың пікірінше, байлығы миллиардпен есептелетін саясаткерлер қатарында Назарбаевтың болуы Орталық Азия елдеріндегі саяси-экономикалық биліктің бір тұлға қолында шоғырлануының айқын көрінісі. Назарбаевтың отбасылық империясы мемлекеттің стратегиялық ресурстарын тиімді пайдалануы арқылы пайдаға кенелгені атап көрсетілген.

Материал авторлары Назарбаевтан бөлек Италияның бұрынғы премьер-министрі, медиамагнат Сильвио Берлускони (7–8 млрд доллар), АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп (5,1 млрд доллар) және Таиландтың бұрынғы премьері Таксин Чинаваттың (1,6 млрд доллар) да жеке капиталын атап өтеді.

"Саясаттағы жоғары лауазым мен орасан зор байлық жиі бірге жүреді. Президенттер мен премьер-министрлердің көбі билікке дейін соншалықты ауқатты болмағанымен, қызметін пайдаланып, қаржылық мүмкіндіктерін еселеген", – делінген сараптаманың қорытындысында.

Назарбаевтың есімі бұл тізімге енуі Қазақстандағы билік пен қаржының өзара кірігуінің жарқын мысалы ретінде көрсетілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар