Жауынгерлік даярлық. Алты елдің арнайы күштері Түркістан облысында жиналып, оқу-жаттығу жұмысын өткіздік

Жарбол Кентұлы 19 қыр. 2024 19:56 2648

Түркістан облысында өткен «Шексіз бауырластық» оқу-жаттығуында алты елдің арнайы күштері оқу-жаттығуы өтті. Әскери шараға Әзербайжан, Қатар, Пәкістан, Түркия, Өзбекстан қарулы күштері мен Қазақстан күштік құрылымдары қолбасшылығының өкілдері бақылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында өткен оқу-жаттығуға Иордания мен Қырғызстан Қарулы күштерінің өкілдері бақылаушы ретінде шақырылды.

«Орда» оқу полигонында шетелдік әріптестердің назарына қару-жарақ пен әскери техника көрмесі, сондай-ақ киім үлгілері көрсетілді. Ағымдағы жедел-тактикалық жағдаймен танысқаннан кейін практикалық іс-қимылдар өтті.

Алты ел әскери контингенттерінен құралған біріккен топтың алдына шекараны бұзып өтіп, елді мекенге тығылған заңсыз қарулы құралымды тауып, көзін жою міндеті қойылды. Содырлардың ұшқышсыз ұшақтардың көмегімен біріккен әскерлер тобына соққы бермек болған әрекетіне радиоэлектронды соғыс құралдарымен тойтарыс берілді.

Бірікккен топтың тактикалық әуе десанты түсірілді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің шабуылына камикадзе дрондары мен әскери авиация шабуылдары, квадроциклмен қозғалатын ұтқыр топтар қолдау көрсетті. Әкімшілік ғимаратқа жасалған шабуылдан кейін  дрондардың көмегімен туннельден өтпек болған жау күші толық жойылды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығуға қатысушыларды арнайы операцияның сәтті аяқталуымен құттықтады.

 – Террористік қауіптердің өсуін ескере отырып, біз әскери қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді біріктіре береміз. Оқу-жаттығуда дағдарыстық жағдайда басқару органдары мен бағынысты бөлімшелердің іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Бірлескен операцияны жүргізу әскери контингенттердің үйлесімді әрі тиімді әрекет етуге дайындығын көрсетті, – деп атап өтті ол. 

Оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасарды Зұлпыхар Жолдасов та тамашалап, әскерилерге қолдау көрсетті.

Арнайы мақсаттағы біріккен бөлімшелер кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді төтеп беруге дайын екендіктерін дәлелдеп, жауынгерлік үйлесімділіктің жоғары деңгейін көрсете білді.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік жауынгерлерді марапаттау рәсімі өтті. Әскери жаттығуға барлығы төрт жүзден астам әскери қызметші қатысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар