Мені алаңдататыны олардың да күні кеше бейбіт тұрғын болғандығы, олардың да ата-анасы, бала-шағасы, туыс-жекжатының барлығы. "Оларды аямау керек" ұраны әлдебір әпербақан саяси шешімдерге алып бара ма деген қаупім бар.
Біз мойындауымыз керек: Қазақстан қоғамы радикалданған діни топтарға бөлінгелі оншақты жыл болды. Сонау 2003 жылдары-ақ Хизбут тахрир секілді нешетүрлі ағымдар өріп жүретін. Оған ерген жігіттер, қыздар біздің қасымыздан да шыққан еді. Содан бері мемлекет айналысқансып, шектегенсіп, өз халінше әрекеттенгенімен, оларынан түк шықпады. Террористік әрекеттер де өз өзінен энергия алатын қуатты идеология. Енді кеш... Енді бейбіт ел, бейбіт қала деген ұғым аз айтылса, таңғалмаңыз. Себебі, күрес басталған соң, оған қарсы жауап та сойқан болады. Себебі, біз 15 жыл, кемі осындай уақыт кешіктік.
Бұған кінәлі діни басқарма емес, оқыту жүйесі.
Дінтану мамандықтары, мықты теологтар, уәжіне ұйыта алатын оратор имамдар көп болуы әрі олар елге жалтақтамайтын, пітір-садақаға қарамайтын, білімді діндәрлар даярлануы тиіс еді. Қазір имамдардың орнын уәжі де, тәсілі де, методикасы да мықты виртуалды ұстаздар басып алды. Олардың алдын орау үшін айрықша күш-жігер керек. Білім реформасы қасаңдықтан, жалғандықтан, көз бояушылықтан бас тартып, нақты реформа - үштілділік емес, рухани білім - ар ілімне негізделген реформа жүргізуіміз керек.
Сосын жат ағымға кіріп кеткен адамды атып тастаумен, өлтірумен ештеңе бітпейді. Мемлекет олардың бала-шағасын, туыс-туғандарын қорқытып-үркітпей, солармен нақты, адамгершілік принципінде жұмыс жүргізулері міндет. Қазақтың саны ата беруге лайықты емес. 17 миллион қазақтың 17-ін бір түнде атқанымыз жеңіс емес, тереңіне үңілсек, жеңіліс. Олардың бұл жолға түсуінің түпкі себептерінің бірі әлеуметтік мәселелер екенін мойындауымыз керек.
Мен сосын мынандай бір үрейлі ситуацияны көріп отырмын. Адамдардың террорлық әрекеттерге еттері үйрене бастағандай. Осыдан 5 жыл бұрынғы қырғындар кезінде халық үдірейісіп, бұлай болуы мүмкін емес дегендей күй кешіп еді. Қазір осылай болуға тиісті дегендей, бейжай қабылдады. Бұл да ойлантарлық құбылыс.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
Автордың Фейсбуктегі парақшасынан алынды.