Жасырын империя: Тілеухан әулетінің саяси-бизнес картасы

Сағыныш Сардарова 05 там. 2025 15:24

Forbes тізімінде көрінбесе де, түрлі салалар мен аймақтарда саяси салмағы мен экономикалық ықпалы басым тұлғалар бар. Соның бірі – Тілеухандар әулеті. Бұл отбасының елге танымал мүшесі – бұрынғы Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан. Shishkin_like арнасы бұл әулетке тиесілі мүлікке шолу жасапты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бекболат Тілеухан және оның отбасы

58 жастағы Бекболат Тілеухан мансап жолын музыкант ретінде бастаған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, сонда халық әні кафедрасының меңгерушісі болды. Кейін Республикалық ұланның Президенттік оркестрінде халық музыкасы ансамблін басқарды. 2000-жылдардың басында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетін басқарып, кейін мәдениет вице-министрі қызметін атқарды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңдеріне және бірқатар көркем фильмге ән жазған. Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Бекболат Тілеухан брнеше жыл бойы Мәжілістің III, IV, VI және VII шақырылымдарында депутат болды. 2021 жылдың желтоқсанында, Қаңтар оқиғасына он күн қалғанда денсаулығына және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясындағы жұмысына байланысты депутаттық өкілеттігін тапсырды. Бұл конфедерацияны Түркия президентінің ұлы Билал Ердоған басқарады, ал Тілеухан ұйымның директорлар кеңесінің мүшесі.

Бекболат Тілеухан қоғам тарапынан жиі сынға ілігіп жүр. Мәселен депутат Ермұрат Бәпи оны сотталған Қайрат Сатыбалдымен байланысы үшін сынаса, Ринат Зайытов оны Қаңтар оқиғасы жайлы алдын ала хабардар болса да, ескертпеді деп айыптады.

2022 жылы "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (Динара Смайылова) Тілеуханды әйелдерге қарсы зорлық-зомбылыққа қатысты заңға қарсы адам ретінде көрсетті. Ол бұрынғы депутаттың "дәстүрлі отбасылық құндылықтарды" жақтап сөйлегенімен, өзі көп әйел алғанын сынға алды. 

Жақын туыстарының бизнесі

Арна мәліметінше, Бекболат Тілеухан өзінің көпәйел алуға деген көзқарасын ешқашан жасырмаған.  Бұған дейін БАҚ-та "Бекболат Тілеухан көп әйелін қалай тату ұстап отырғанын айтты" деген сыңайдағы бірнеше мақала жарық көрген.

Zakon.kz сайтының мәліметінше, бұрынғы депутаттың ресми жұбайы – 58 жастағы Раушан Несіпбай. Оның атында Астанада жеке жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын жеке кәсіпкерлік тіркелген. Кәсіпкерлік жылына шамамен 2,3 млн теңге салық төлейді.

Кейбір мәліметтер бойынша Тілеуханның тағы бір әйелі – 42 жастағы Жанар Тапенова. Ол - екі ЖШС-ның тең құрылтайшысы, бірақ бұл компаниялар қазіргі таңда тарату процесінде тұр. Сонымен қатар, оның атында салықтық түсімі жоқ жеке кәсіпкерлік тіркелген (жеке жылжымайтын мүлікті басқару және жалға беру саласында).

"Әртүрлі ақпарат көздеріне сәйкес Бекболат Тілеуханның бірнеше әйелінен 14-16 баласы бар. Үлкен ұлы – 31 жастағы Нұрмұхамед Тілеухан. Ол - "Raushan_Ness" ЖШС-ның иесі, компания қазір белсенді емес, бұрын көтерме саудамен айналысқан. Компания анасы Раушан Несіпбайдың құрметіне аталған болуы мүмкін. Тағы бір ұлы - 30 жастағы Нұрдәулет Тілеухан "Білім Көзі Education" (бастауыш және жалпы орта білім беру саласында) ЖШС-ның құрылтайшысы, бірақ бұл кәсіпорын да қазір белсенді емес", - деп жазылған арна мәліметінде.

Бекболат Тілеухан журналистерге берген сұхбаттарының бірінде өзі ат баптаумен айналысатынын айтқан, бірақ ресми реестрлерде оның Қазақстанда өз атында тіркелген бизнесі жоқ.

Бекболат Тілеуханның айтуынша, оның қорасындағы асыл тұқымды жылқылардың бірі – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Нұрбол Назарбаевтың сыйлығы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар